Рим папасы Лев шетелге алғашқы сапарын Түркиядан бастады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Рим папасы Лев Түркия сапар
Папаның Түркия мен Ливанға сапары алты күнге созылады / фото: shutterstock

Рим папасы XIV Лев діни қызметтегі алғашқы сапарын Түркиядан бастады. 27 қарашада түстен кейін ол Анкара қаласына ұшып келді. Бұл туралы Kursiv.Media CNN телеарнасының мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Телеарна мәліметінше, ұшақтан түскен сәтте Папа Римнен келген журналистермен сәлемдесіп, америкалықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады. Лев – Құрама Штаттардан шыққан алғашқы Папа.

Левтің айтуынша, оның Түркия мен Ливанға сапары «бірлік» пен «бейбітшілікті» үндеуге бағытталған. Ол «түрлі дін мен сенімге қарамастан, адамдар бір-біріне бауыр ретінде қарай алады» деп есептейді.

Мәртебелі қонақ бүгін Мұстафа Кемал Ататүрік жатқан кесенеге барады. Содан кейін Түркия президенті Реджеп Ердоғанмен кездесіп, саяси және қоғам қайраткерлері алдында сөйлейді. Папа бейсенбіде елдің бас раввинімен де кездеседі. Түнде Анкарадан Ыстанбұлға ұшады.

Түркия Конституция бойынша зайырлы мемлекет екеніне қарамастан, елде мұсылман көп.

Жұма күні Лев Ыстанбұлда Шығыс Православ шіркеуінің діни жетекшісі Ғаламдық Патриарх Варфоломеймен кездеседі. Сол күні екеуі Никея шіркеуінің 1700 жылдығына арналған діни ғұрыпқа қатысады. Салтанатты шара Түркияның солтүстік-батысындағы Изник қаласында өтеді. Христиан шіркеуі сонау 325 жылы салынған.

Осыған дейінгі Папа Түркия мен Ливанға баруды жоспарлаған, алайда үлгермеген. Жыл басында Францисктің денсаулығы нашарлап, 21 сәуірде дүние салған.

Жаңадан сайланған Рим папасы шетелге алғашқы сапарын мұсылман елдерінен бастайтыны қазанның басында мәлім болған.

Сондай-ақ оқыңыз