
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Назарбаевтар отбасына тиесілі болған даулы жерлер туралы сауалға жауап берді. Өңір басшысының дерегінше, Шамалған ауылында Нұрбол Назарбаевқа тиесілі 3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтты.
Шамалғандағы даулы жерлер тағдыры
27 қарашада Сұлтанғазиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты есеп берді. Астанадағы баспасөз конференциясында журналистердің бірі марқұм Болат Назарбаевтың ұлы Нұрболға тиесілі үш жер телімі туралы сұрақ қойды. Өңір басшысы сұраққа құзырлы орган дерегін келтіре отырып жауап берді.
«Бас прокуратура мәліметінше, 3 мың гектардан астам жер қайтарылды. Жер толықтай жергілікті атқарушы органдарға берілді. Оның 800 гектарға жуығы – суармалы жер», – дейді Алматы облысының әкімі.
Дегенмен шенеунік қалған жерлердің тағдырына қатысты сауалға жауап бере алмады, бірақ қайтарылған активті игеруге инвестор іздестіріп жатқанын мәлімдеді.
«Қазір инвестор қарастырып жатырмыз. Оны игереміз, қаражат құямыз деген инвесторлар болса, соларға игеруге тапсырамыз. Алматы облысының бірнеше азаматы қызығып жатыр», – дейді Сұлтанғазиев.
41 жастағы Нұрбол Болатұлы жыл басында 179 млн доллармен Forbes дәулеттілер тізімінде 59-орнында тұрған. Ол 1983 жылы Алматы облысының Шамалған ауылында дүниеге келген. Әкесі – Қазақстанның тұңғыш президентінің туған бауыры Болат Назарбаев, анасы – Гүлжан Назарбаева.
Нұрбол Назарбаевқа тиесілі компаниялар
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда, қазір Нұрбол Назарбаевқа мына компаниялар тиесілі:
- Prime cap бас компаниясы (таратылып жатыр);
- Prime Capital Real – жылжымайтын мүлікті жалға беру, басқарумен айналысатын компания (оған Алматы облысында 22 нысан мен үш жер телімі тиесілі);
- Prime Capital Re Plaza – жылжымайтын мүлікті жалға беру, басқарумен айналысатын компания (Алматыда екі жер тиесілі);
- Prime Capital Re Ushkonyr (Шамалғандағы жерлер);
- Prime Capital Re Alakol;
- Prime Capital Re Talgar (жер, арақ-шарап шығаратын зауыт);
- Prime Capital Re Karasay (Үшқоңырдағы жер. Ол Breeding company, QazAgro Centre және Steppe AgroMeat арқылы басқарылады. Басқа да жерлер);
- Қарасай ауданында үш қабатты «Бахар-А» салтанат сарайы;
- Prime Capital Invest – қаржы қызметтері;
- Qaz-Ak-Kus – Алматы облысы Іле ауданындағы құс фабрикасы;
- PLS-TM және «PLS инвестиция-құрылыс компаниясы» (АЗТМ атвозауытында үлесі бар).
Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Назарбаевқа тиесілі зауыт Алматыда жер мен үй-жайларын қайтарып алатыны мәлім болды. Оның алдында Бас прокуратура кәсіпкердің активтері жөнінде мәлімет жариялаған.