Жүктілікке байланысты төлемдерді банк қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады

Қазақстанда әйелдерге жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемге өтініш беру жеңілдеуі мүмкін. Енді бұл процесті екінші деңгейлі банктердің цифрлық сервистері арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлесіп, екінші деңгейлі банктер арқылы пилоттық жобаны іске қосуды көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Жобаға сәйкес, болашақ аналар әлеуметтік төлемге өтінішті тек eGov арқылы ғана емес, банктердің цифрлық сервистері арқылы да бере алады. Мұндай тетік мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін кеңейтіп, төлем алу процесін анағұрлым ыңғайлы етуге тиіс.
Министрлік банктердің бұл процеске қосылуы өтініш беру мерзімін жеделдетуге, мемлекеттік қызметтер порталдарының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді деп отыр.
Бұйрық жобасы 11 желтоқсанға дейін көпшілік талқылауында болады.
Еске салайық, ерте жүктіліктің алдын алу үшін мектептерде акушер-гинеколог дәрігер болады.