Жаңалықтар

«Балқаш» АЭС-інің маңындағы тұрғындарға өтемақы төлене ме – әкім жауабы

Фото: shutterstock

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Балқаш АЭС-інің жанында тұратын қазақстандықтарға қандай да бір экологиялық төлемдер төлене ме деген сауалға жауап берді.

Өңір басшысының айтуынша, Алматы облысындағы АЭС салынуы жоспарланып отырған Үлкен ауылында қазіргі таңда 1,7 мың адам тұрады.

«Ауыл Балқаш көліндегі түбекте орналасқан. Қазірге дейін қандай да бір зиян бар немесе жоқ деген нақты қорытынды болмағандықтан, өтемақы төлеу не экологиялық төлемдер жайы әлі талқыланып жатқан жоқ. Біздің түсінуімізше, Атом энергиясы жөніндегі агенттік қазіргі заманға сай, экологияға да, тұрғындарға да зиян келтірмейтін АЭС салу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр», – деді Сұлтанғазиев брифингте.

Сұлтанғазиев қазіргі уақытта әкімдік екі бағытта жұмыс жүргізіп жатқанын айтады. Оның біріншісі индустриялық аймақты абаттандыру. Бұл аймақта АЭС-ке жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ тұрғындар табыс таба алады. Мысалы, олар станцияда қолданылатын тауарлар мен қызметтерді ұсынып, жұмыс істей алады.

«Екінші туризмді дамыту. Үлкен ауылы түбекте орналасқан және бұл аймақ туристерді тартуға әлеуетті. Әсіресе АЭС құрылысына байланысты жоғары жалақы алатын мамандар келетін кезде бұл өзекті бола түспек», – деп түсіндірді облыс әкімі.

Еске салып өтейік, Қазақстандағы алғашқы АЭС «Балқаш» деп аталатын болды. АЭС-ке атау беру конкурсына 27 мыңнан аса адам қатысқан. Байқау 2025 жылдың 25 қыркүйегі eGov Mobile мобильді қосымшасында басталған. «Балқаш» атом электр станциясы» атауын 882 азамат ұсынған.