Болат Назарбаевқа тиесілі «Барыс» автобазарының 11 гектары мемлекетке қайтарылды

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Болат Назарбаевқа тиесілі «Барыс» автобазары мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты. Алайда аумағы 35 гектар базардың тек 11 гектарын қайтару мүмкін болған.
Брифинг барысында БАҚ өкілі әкімнен дауға ұласқан көлік базары мемлекетке толыққанды қашан қайтарылатынын сұрады.
«Қазіргі күні бұл базардың 11 гектары қайтарылды. Қалған жерлері бір адамнан екінші адамға тіркелгендіктен, прокуратура сотқа шағымданып жатыр. Сот шешімі шыққан соң толық қайтарылатын болады», – деді облыс басшысы.
Сұлтанғазиев базардың болашағына қатысты әкімдіктің өз жоспары барын айтады. Келешекте мұнда индустриялық аймақ құрылмақ.
«Ол жерді жақсы индустриялық аймаққа айналдыруға болады. Өйткені халық тығыз орналасқан, асфальт төселген. Оның үстіне инженерлік жүйелер де ол жаққа тартылып тұр. Сол себептен тігін немесе басқа да жұмыс орынын құруға мүмкіндік беретін индустриялық аймаққа айналдырамыз«, – деп мәлімдеді Марат Сұлтанғазиев.
Айта кетейік Болат Назарбаевқа тиесілі ауыр машина жасау зауыты Алматыда жер мен үй-жайларын қайтарып алады. Директорлар кеңесі шешімімен компания басқармасына осы объектілерге меншік құқығын қайта ресімдеу үшін тіркеу органдарына құжаттарды тапсыруы қажет. Объектілерді қабылдау актілеріне қол қойылғаннан кейін олар АЖТМ балансына қойылуы тиіс.