
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі «қауіп тудыратын мемлекеттер» қатарындағы елдерден шыққан грин-карт иелерін кешенді тексеруден өткізуді тапсырды. Бұл туралы NBC News хабарлады.
АҚШ Азаматтығы және иммиграция қызметінің директоры Джозеф Эдлоудың айтуынша, президенттің нұсқауымен аталған 19 елден келген барлық грин-карт иесінің құжаттары қайта қаралады.
«Ел қауіпсіздігі біз үшін бірінші орында. АҚШ халқы алдыңғы әкімшіліктің көші-қон саясатының зардабын тартпауы тиіс», – деді Эдлоу X платформасындағы мәлімдемесінде.
Тексерілетін елдер қатарында Ауғанстан, Гаити, Иран, Венесуэла және тағы басқа мемлекеттер бар.
Бұған дейін енгізілген шектеулер
Осы жылдың маусымында Ақ үй 12 ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне толық тыйым салған еді. Олардың арасында: Ауғанстан, Бирма, Чад, Конго Республикасы, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан және Йемен кіреді.
Сонымен қатар, 7 елге: Бурунди, Куба, Лаос, Сьерра-Леоне, Того, Түрікменстан және Венесуэла азаматтарына жартылай шектеу қойылған.
Бұл мәлімдеме Ақ үй маңында Ұлттық гвардия әскери қызметкерлеріне жасалған шабуылдан кейін бір күн өткен соң жарияланды. Тәртіп сақшылары күдіктінің Ауғанстан азаматы екенін анықтаған.