Петропавлда бағаны рубльмен көрсеткен супермаркет жауапқа тартылды

Петропавлда тауар бағасын Ресей рублімен көрсеткен супермаркет әкімшілігі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлады.
Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласының тұрғыны баға белгілеу заңнамасы бұзылғанын анықтап, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданған. Оның айтуынша, қаладағы супермаркеттердің бірінде тауардың бағасы ұлттық валюта – теңгемен емес, Ресей рублімен көрсетілген.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, түскен өтініш негізінде департамент мамандары сауда нысанына жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Тексеру барысында заң бұзушылық фактісі расталып, баға белгілерінде шетел валютасы көрсетілгені анықталды. Бұл Қазақстан заңнамасына қайшы, себебі тауарлар мен қызметтердің бағасы тек теңгемен көрсетілуі тиіс.
«Тексеру нәтижесінде супермаркет иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, департамент анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріп, сауда орнының басшылығына баға белгілерін заң талаптарына сәйкестендіруді міндеттеді. Мұндай жағдайлар тұтынушыларды шатастырып қана қоймай, олардың құқықтарын да бұзады. Бағаның шетел валютасымен көрсетілуі есеп айырысуда қиындықтар туғызып, сауда орындарына деген сенімсіздік қалыптастыруы мүмкін», – делінген Сауда және интеграция министрлігі хабарламасында.
Солтүстік Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті әрбір азамат тауардың құны туралы дұрыс әрі ашық ақпарат алуға құқылы екенін еске салады. Заңды бұзу фактісі анықталған жағдайда тұтынушылар өз мүдделерін қорғау үшін уәкілетті органдарға жүгіне алады.