Жаңалықтар

Басқару әлсіз, есепті қолмен жүргізеді: аудиторлар «Самұрық Қазына» қорын тексерді

фото: ашық дереккөзден

Жоғары аудиторлық палата «Самұрық Қазына» қорына және оның еншілес компанияларына аудит жүргізді. Мемлекетке тиесілі ең ірі компанияларды басқаратын холдинг жұмысында біраз кемшіліктер бар болып шықты.

Стратегиялық жоспарларды өзгертіп жіберген

Аудиторлардың мәліметінше, 2018-2021 жылдарға арналған қорды трансформациялау бағдарламасының аясында 8 компанияны халықаралық деңгейге шығару керек еді. Бірақ мақсат орындалмаған. Ал бағдарламадан тек 154,5 млрд теңге пайда түскен. Бұл бастапқы түсуі керек сомадан екі есе аз.

Қордағы корпоративтік басқару деңгейінің жеткіліксіздігі байқалды. Стратегиялық құжаттар дұрыс әзірленбеген. Холдинг менеджменті бекітілген жоспарларды кейіннен төмендетіп отырған. Яғни бастапқыда қойылған мақсаттарды «жеңілдетіп», өзгертіп жіберген. Осыған орай аудиторлар даму жоспарының орындалуына бақылауды күшейту қажет деген ескерту айтады.

7 ақпараттық жүйенің ішінде Қор тек 4 жүйені пайдаланады. Басқарушылық есеп жүйесі (SAP BPC) дұрыс жұмыс істемейді, ал бірқатар компания бойынша қаржылық есеп қолмен жүргізіледі.

Аудиторлық палата өкілдері «Самұрық-Қазынада» ішкі нормативтік құжаттарды жүйелеуге жеткілікті көңіл бөлінбейтінін де атап өтеді. Олардың шамамен 15%-ы қолданылмайды, қайта қарауды немесе күшін жоюды талап етеді.

Тиімсіз басқару

Директорлар кеңесі жанындағы 5 комитеттің 3-еуі (стратегия жөніндегі, Трансформация бағдарламасының орындалуын бақылау жөніндегі, мамандандырылған комитет) жұмыс істемейді. Ал қор Басқармасы жанындағы 7 комитеттің 2024 жылдан бері 2-еуі (жаңғырту және тұрақты даму жөніндегі) жұмыс істемейді.

«Нәтижесінде холдингтің құрылымы тым күрделі күйге жеткен. Қор тобына 6 деңгейге бөлінген 326 компания кіреді. 2020-2024 жылдары Қор тобында 23 белсенді емес компания болған, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 41 компания шығынмен аяқтаған. Бұл активтер құрылымын оңтайландырудың және оларды тиімді басқарудың маңызды әлеуетін көрсетеді», – дейді аудиторлар.

Сондай-ақ олар инвест жобалардың іске асырылуын ерекше бақылап отыру керек дейді. 2020 жылдан 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін қор тобының 175 жобасының тек 49-ы ғана аяқталған.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

  • 351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар;
  • 122,2 млрд теңге сомасында тиімсіз жоспарлау және қаражатты пайдалану фактілері анықталды;
  • 119 жүйелік кемшілік тіркелді.

Бірқатар материал әкімшілік іс қозғау үшін жолданды, ал кейбірі құқық қорғау органдарына жіберілді.

«Самұрық-Қазына» қоры «ҚазМұнайГаз»,»Қазпошта», «Эйр Астана», «ҚТЖ» тәрізді квазимемлекеттік сектордағы ең ірі компанияларды басқару құрамына кіреді. Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың сөзінше, елдің жалпы ішкі өніміндегі қор үлесі 7,5%-ды құрайды.