Жаңалықтар

Түркістанда малға шапқан қасқырды ату басталды

фото: shutterstock.com

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында малға шапқан қасқыр мен шибөрілерді ату басталды. Бұл туралы аудан әкімдігі хабарлады.

Аңшылар келді

Әкімдіктің дерегінше, Ағыбет ауылдық округі аумағында малға қасқыр шабу дерегі тіркелген. Нәтижесінде бірнеше шаруа қожалығы мен шаруаларға залал келген. Қасқырдың малға қырғидай тиюі Боқтысай, Қалаубай асуы, Құсұя, Жанамасай, Тұйықбұлақ аумағында байқалған.

«Түркістан облыстық комитетінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Түркістан облысы ветеринария басқарамасы және Бәйдібек ауданы әкімдігі бірлесіп тиісті шараларды қолға алды. Қазіргі таңда Созақ, Ордабасы, Отырар және Бәйдібек аудандарынан шыққан кәсіби аңшылар тобы ауданның картасы арқылы қасқырлар мен шиебөрілердің мекендеуі мүмкін деген бағытқа аттанып, түнгі рейдтік шараларды бастап кетті», – делінген әкімдік хабарламасында.

Қанша қасқыр мен шиебөріні атуға рұқсат берілген

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының дерегінше, биыл Түркістан облысында 368 бас қасқырды, 2400 бас шибөріні атуға рұқсат берілген. Рұқсатты 1700-ге жуық аңшы алған. Қазіргі таңда Сауран, Төлеби және Түлкібас ауданының тұрғындары көмек сұрап, хат жазған. Малға, тіпті адамға шауып жатқанын айтып, дабыл қаққандар да бар.

Инспекцияның бөлім меңгерушісі Бақыт Мұсалиевтің айтуынша, жылда аңшылар тегін, ақысыз аң атуға көмек беріп келген. Биыл олардың аң атуға аса құлқы жоқ. Мәселе аңшыларда емес, жергілікті әкімдіктің іс-шараны ұйымдастыра алмауында. Мысалы, өткен жылы жергілікті әкімдіктер аңшыларға жол сілтемеген. Аң қайда, қайдан келгені айтылмаған. Рұқсаты бар, шақыртумен келген аңшыны полиция мен табиғатты қорғау мекемелері тексеріп мазалаған, жұмыс істеуіне кедергі келтірген.

«Негізі облыс аумағында қасқыр мен шибөріні атуға ешқандай оқ-дәрі, қаражат қаралмаған. Атылған жағдайда атылған аңды теріп әкету, қанша бас атылғанын рәсімдеу жұмыстары жүргізілмейді. Аңшылар өздері атады. Қару-жарақты өздері сатып алады. Барған кезде аңшының кіруге болатын, болмайтын жері бар. Сол жерлерден шатасып, кіруге болмайтын жерлерге кетіп жатады. Сол кезде табиғат қорғау мекемелері сіздің рұқсатыңыз бұл жерге жарамайды деген уәж айтады. Ал әкімдіктегілер көмек сұрап, аңшыларды жіберуді өтінеді. Барған жағдайда аңшыларға қасына адам қосып беруді, мүмкіндік болғанда оқ-дәрімен қамтымайды, азық-түлік бермейді»,– дейді бөлім меңгерушісі.

Аңшылар былтыр он рет аңға шыққан

Бұдан бұрын Бәйдібек ауданында бірнеше ауылда қасқыр үйірімен қорадағы малға шауып, тартып кеткені туралы айтып, тұрғындар дабыл қаққан. Бұған алаңдаған тұрғындар әкімдікке шағымданған. Әкімдік мәселені зерттеп, инспекцияға жолдайтынын мәлімдеген еді.

«Аңшылар, арнайы рұқсат алған азаматтар олар бір жерге бекітілген қызметкерлер емес. Кәсіпкерлер, немесе мекемеде жұмыс істейтін мамандар. Оларға айтылған жағдайда қолы қай уақытта босайды, сол уақытта барып, жәрдем береді», – дейді Бақыт Мұсалиев.

Инспекция мәліметінше, өткен жылы аңшылар 10 рет аудандарға шығып, қасқыр мен шибөрілерді аулаған. Атқан аң туралы ақпарат жылда қаңтар айында жинақталады. Сондықтан қазірге лимит бойынша қанша қасқыр не шибөрінің көзі жойылғаны туралы мәлімет жоқ.

Жалпы облыс аймағында 5 мыңға жуық шибөрі, 860 бас қасқыр бар. Қасқыр атып, санын реттеу жұмысы 2016 жылы Отырар ауданынан басталған.