
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты әйелін ұрып, жағын сындырған еркекті 1 жылға бас бостандығынан айырды. Ол кінәсін ішінара мойындаған. Қалалық соттың дерегінше, оқиға биыл мамыр айында болған.
Іс қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру» бабымен қаралған.
«2024 жылғы 1 мамырда сотталушы жанжал кезінде азаматтық некедегі жұбайының бет тұсынан бірнеше рет соққы жасап иегін сындырған, нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына орташа зиян келтіргені анықталды» делінген сот хабарламасында.
Сот тергеуінде айыпталушының кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденген. Прокурор оған соттан 1 жыл мерзімге бас остандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленуші айыпталушыны соттаумен бірге одан моральдық өтемақы өндіріп беруді, ал сотталушы өзіне тағылған айыпты ішінара мойындап, соттан өзін ақтауды сұраған. Сот айыпталушыны 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Ал азаматтық талапты ішінара қанағаттандырған. Жәбірленуші соттан 10 млн теңге моральдық өтемақы және өкілінің көмегіне 3 млн теңге өндіруді сұраған. Сот азаматтық талап арызды ішінара қанағаттандырып, жәбірленушінің пайдасына 1 млн теңге өкіліне де 1 млн теңге өндіруге қаулы шығарған. Сот үкімі заңды күшіне енбеген.
Бұған дейін Жамбыл облысында қайын апасына сәлем салудан бас тартқан әйелді балағаттаған ер-азаматтың ісі сотта қаралған болатын. Ақыр соңында сотта ерлі-зайыптылар татуласып тарқасқан.