Жаңалықтар

Ресей тұз жеткізуді тоқтатқан соң БҚО-да тапшылық пайда болды

Қызылордадан тұз 4-5 күнде жеткізіледі/фото: freepik

Сауда министрлігі Батыс Қазақстан облысындағы ас тұзына қатысты жағдайды түсіндірді. Бұған дейін тұзды Ресей тарабы жеткізіп келген. Алайда көрші ел тұз жөнелтуді тоқтатуына байланысты тапшылық пайда болған.

Жергілікті «Мой город» редакциясының хабарлауынша, тұрғындар бірнеше күннен бері базар мен дүкен сөрелерінен тұз таба алмай жүр.

Министрліктің хабарлауынша, бұған дейін тұрғындарға қажет тұздың шамамен 80%-ын Соль-Илецк қаласындағы «Руссоль» жеткізіп келген. Ол облыстан 270 шақырым жерде орналасқан.

«Тұз жөнелту тоқтату себебін анықтау мақсатында жергілікті атқарушы органдар делегациясы Ресей Федерациясының Орынбор облысына жіберілген», – делінген ақпаратта.

Зауыт тұз жөнелтуді тоқтатқан соң облыс Қызылорда облысындағы «Аралтұз» АҚ және «Абзал и К» кәсіпорындарымен келісім жасап жатыр. Бұл зауыттар облыстан 1 040 шақырымда орналасқан. Соған байланысты тұз 4-5 күнде жеткізіледі.

«Қазір қазақстандық өндірушілермен жалпы көлемі 300 тонна бар 5 вагонға келісімшарт жасалды. Оның ішінде 1 вагон (60 тонна) жолда, жүк 30 қарашада жетеді. Қалған 4 вагон (240 тонна) бір апта ішінде жеткізіледі», – деп хабарлады министрлік.

Министрлік қазір жұмсақ қаптамадағы тұз «Анвар» және «Алтындар» сауда желілерінде сатылып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ сауда желілерінде «Экстра» санатындағы тұз бар.