Желтоқсаннан бастап кәсіпкерлерге 200 млн теңгеге дейін несие беріледі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Субсидиялау мерзімі – 3 жыл/фото: shutterstock

Елде микро және шағын бизнеске 200 млн теңгеге дейін несие беру бағдарламасы іске қосылады. Үш жыл бойы несиенің 40%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялайды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Даму» қорының басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов айтты.

Субсидия бағдарламасына өңдеу өнеркәсібі, көлік, білім, медицина, қызмет көрсету, туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер қатыса алады.

Айтуынша, субсидия бағдарламасы бойынша несие көлемі 200 млн теңгеден, пайыздық мөлшерлемесі 22%-дан аспайды. Оның 40%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялайды. Яғни, кәсіпкер үшін пайыздық мөлшерлемесі 13,2% болады.

Субсидиялау мерзімі – 3 жыл. Несие 3, 5, 7 жылға да берілуі мүмкін. Субсидиялау мерзімі аяқталғаннан кейін кәсіпкер несиені өзі төлей береді.

«Қазір банктер және лизингтік компаниялармен келісімдерге қол қойып жатырмыз. Келесі аптада осы бағдарламаны жариялаймыз. Кәсіпкерлер банктер арқылы бағдарламаға қатыса алады. Бағдарлама келесі жылы да жалғасады», – деді Смағұлов.

Айта кетейік, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды.

Сондай-ақ оқыңыз