Қазақ ғалымдарының атағын ЕАЭО елдері мойындайтын болады

Қазақстандық ғалымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер – Армения, Беларусь, Ресей және Қырғызстан мойындайтын болады. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында ғылым және жоғары білім министрлігі жарияланған құжатта айтылған.
Ғылыми атақты өзара тану туралы құжатқа сәйкес, келісімге қол қою ЕАЭО елдері ғалымдарының кәсіби жолында көмектеседі.
«Келісім мақсаты – ғылыми атақты тану еңбек көші-қоны саласындағы шектеулерді жою. Сол арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер азаматтарының кәсіби қызметіне қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасайды», – делінген құжат сипаттамасында.
Құжатқа 2025 жылдың желтоқсанында Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында қол қою жоспарланған.
ЕАЭО құрамына Қазақстан, Армения, Беларусь, Ресей және Қырғызстан кіреді.
Бұған дейін Қазақстан дипломын Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея мойындайтыны айтылды.