Жаңа Ата заң мен жаңа комитеттер: Тоқаев бірнеше ұсыныс айтты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Заң шығару органына білікті мамандар келуге тиіс/фото: Ақорда

Алдағы жылдары Конституцияға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің жиынында айтты.

Парламентте жаңа комитеттер құрылады

Президенттің айтуынша, заң шығару органына білікті әрі тәжірибелі мамандар келуге тиіс.

«Жаңа комитеттер құру мәселесін қарастыру қажет. Цифрландыру, аймақтарды дамыту жұмысымен айналысатын комитеттер өз алдына бөлек болғаны жөн деп санаймын. Бұл мәселелерді арнайы жұмыс тобы мұқият зерделейді. Осы реформаға қатысты басқа да көптеген ұсыныстар бар. Соның бәрін әбден пысықтап, кейін жариялаймыз», – деді Тоқаев.

Жаңа Ата заң

Сондай-ақ президент реформа бойынша ұсыныстарын айтты.

«Конституциямызға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін. Сондықтан референдум барысында халық жаңа Ата заңға дауыс беретін болады деп айтсақ қателеспейміз», – деді президент.

Сөзінше, осындайда елде тыныштық, тұрақтылық болуы керек. Құқық қорғау органдары кәсібилігін көрсетуге тиіс.

«Арандатушыларға немесе «лас, көлеңкелі» саясатпен айналысқысы келетін адамдарға жол бермейміз», – деп түйіндеді Тоқаев.

Айта кетейік, бір палаталы жаңа парламентте президент квотасы болмайды

Сондай-ақ оқыңыз