
Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасын ұйымдастырған адамдарды тергеп жатыр.
ҚМА мәліметінше, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың бөлім басшысы кәсіби білімін пайдалана отырып, схеманы іске асырған. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбаларына қолжетімділігі бар кәсіпкерлердің бірқатарына қызмет көрсететін бухгалтер туысын тартқан.
«Бухгалтер аталған ЭЦҚ-ларды иелерінің рұқсатынсыз пайдаланып, жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, еңбек қатынастары заңды түрде рәсімделгендей көрінетін өзге де құжаттарды дайындаған. Сонымен қатар бірнеше таныс адам тартылып, олардың міндетіне жүкті әйелдерді табу және ұсынылып отырған рәсімдеудің заңды екеніне сендіру кірген», – делінген хабарламада.
Ұсынылған жалған деректер негізінде уәкілетті органдарда жәрдемақылар тағайындалған. Алынған қаражат кейіннен схеманың қатысушылары арасында бөлінген. Ақыры 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге 6 млн теңгеге дейін өсірілген жәрдемақылар төленген. Мемлекетке келтірілген залал 200 млн теңгеден асты.
Сот санкциясымен күдіктілердің 3 автокөлігіне тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Қазақстанда жүктілік пен босану бойынша жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз төлеу схемасын әшкерелегенін жазған едік. Ведомствоның мәліметінше, 2024–2025 жылдары келтірілген залал көлемі 1,2 млрд теңгені құраған.