«Қазақша сөйлеуге қорқатынбыз»: продюсер Алуа Қонарова желтоқсан оқиғасы туралы айтты

Жарияланды 28 Қараша 2025 17:51

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: скрин

Белгілі продюсер Алуа Қонарова Zamandas подкастында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен сол уақыттағы қазақ тілінің жағдайы туралы естелігін бөлісті. Оның айтуынша, кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында қазақ тілінің қоғамдық орындарда қолданылуы шектеліп, тіпті жас ұрпақ ана тілінде сөйлеуден қорыққан.

Алуа Қонарованың айтуынша, 1979 жылы мектеп табалдырығын аттағанын айта келе, 1986 жылға дейінгі кезеңді ауыр естелікпен сипаттайды. Мектеп бағдарламасында қазақ тілі тек факультатив ретінде ғана оқытылған, ал негізгі білім орыс тілінде жүргізілген. Қазақша сөйлеу ұяңдық пен артта қалушылықтың белгісі ретінде қабылданғандай сезіліп, балалардың өз тіліне деген сенімін әлсіреткен.

«86 жылы бізге ешнәрсе рұқсат етпейтін. Қазақша сөйлеуге, қазақ тілінде білім алуға толық мүмкіндік болмады. Біз тарихымызды білмедік, „История Советского Союза“ ғана оқыдық. Өз тілімізді, өз тамырымызды сезінбей өстік,» – дейді продюсер.

Желтоқсан оқиғасынан кейін жағдай одан сайын шиеленіскен. Алуаның айтуынша, сол кезде қазақ жастарына өзге ұлт өкілдері жиі кемсіте қарап, «мамбеты», «колбиты» деп атаған. Ал қазақтың өз ішінде болса, орыс тілінде сөйлейтін жастарға «мәңгүрт» деген атау тағылды. Қонарова бұл кезеңді рухани екіұдай күймен еске алады – қай жаққа бет бұруды білмейтін, ұлттық болмыстың әлсіреген, бірақ оянуға бет алған шағы.

Дегенмен уақыт өте сана сергек тартып, өнер арқылы, шығармашылық арқылы тілге қайта оралу кезеңі басталды. Продюсердің айтуынша, Ringo тобымен жұмысты бастаған кезде алғашқы ән қазақ тіліндегі «Сені ғана» 2006 жылы жарық көрген.

Сондай-ақ оқыңыз