
Қытай ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға үздіксіз көңіл бөлуінің арқасында әлемдік зертханаға айналды.
Financial Times ақпаратына қарағанда, мұнда әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен мамандар келіп, жаңа жетістіктерімен танысып жатыр.
Қысқа уақыт ішінде
Volkswagen Group концернінің бас техникалық директоры Маркус Хафкемейердің айтуынша, Германия компаниясының жүргізушісіз көлік технологияларының бірін әзірлеуге, сынауға және коммерциялық тұрғыда енгізуге Қытайда шамамен 18 ай ғана уақыт кеткен. Мұндай нәтижеге 700 адамнан тұратын, негізінен қытайлық инженер-бағдарламашылардан құралған команданың арқасында жетіп отыр.
Ал Германияда осыған ұқсас жобаны жүзеге асыру төрт жарым жылға созылар еді.
Сапасы жоғары
«Соңғы 10 жылда бұл ел толық жылдамдықпен жүйткіп келеді», – деді Хафкемейер, – Жаңалықтарда үнемі «қытайлар Еуропа нарығын арзан көліктермен толтырып жатыр» деп айтылады. Өздеріңіз ҚХР-ға келіп, осы «арзан көліктерді» көріңіздер. Олар технологияға толы, сапасы да өте жоғары», – деп түйіндеді маман.
«Тек Қытайда жүзеге асты»
Scania жүк көліктерін өндіруші швед компаниясының Қытайдағы зерттеу және әзірлеу бөлімшесінің басшысы Соня Эдерстолдың айтуынша, Қытайдағы инновациялық жағдайлар Батыспен мүлде салыстыруға келмейді. Компания автономды жүргізу функциясын Швеция, АҚШ және басқа елдерде енгізуге тырысқан. Алайда бұл нәтиже тек Қытайда жүзеге асқан.
«Бір жылдың ішінде бағдарламалық жасақтаманы көлікке толық интеграциялап, оны толық автономды режимде жұмыс істетуге қол жеткіздік», – деді ол.
АҚШ-тан асып түсті
Қытайдың мемлекеттік ҒЗТКЖ шығындары 2015 жылдан бері АҚШ шығындарынан асып түседі. Корпоративтік ғылыми-зерттеу институттарының саны үш есеге жуық өсіп, 150 мыңнан асқан. Ал корпорациялардағы ҒЗТКЖ қызметкерлерінің саны екі есе артып, 5 миллион адамға жеткен.
Айта кететін жайт, Astana Hub Инновациялық технологиялар паркімен бірікпек.