Жаңалықтар

Семейде ерекше балаға тәрбиеші зорлық көрсеткен

фото: ашық дереккөзден

Семейде ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана ұлдарына тәрбиеші тарапынан қорлық көрсетілгенін айтады. Педагогтің балаға дөрекі қараған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

KTK арнасының хабарлауынша, бес жастағы баланың сөйлеу қабілеті кешеуілдеген. Ол болған жағдайды түсіндіріп айта алмаған, тек жылаумен болған. Себебін түсінбеген ата-анасы бақшадағы бейнежазбаны қарайды. Кадрларда тәрбиеші баланы жиі тартып, дөрекі әрекет жасағаны байқалады. Ал баланы ұйықтататын кезде тәрбиеші оның үстіне көрпені жауып, өзі үстінен басып отырған.

«Бұл видеоны көргенде бірден 102-ге қоңырау шалдым. Полиция келіп, іс қозғады. Бұл 10 қыркүйектен бері жүріп жатыр. Осы істі соңына дейін жеткізуге көмектесіңіздер, ол енді жұмыс істемеуі керек. Балалармен жұмыс істей алмайды. Видеода ұлымды қалай тұншықтарғаны көрініп тұр!» – дейді зардап шеккен баланың анасы Арай Аралханова.

Ал тәрбиеші өз кінәсін мойындамайды. Ол әрекетін «баланы осылай тыныштандырдым» деп түсіндіреді. Бірақ бейнежазбаларды көрген басқа ата-аналар педагогті жұмыстан шеттетуге талап қойған.

Полиция бұл дерек бойынша «Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабымен тергеу бастады.