
Шымкент тұрғыны Ролан Анатолы велосипедпен шамамен 8 мың шақырым жол жүріп, қасиетті Мәдина қаласына табан тіреді. Сапарға 46 күн кеткен. Дәл осы уақыт ішінде ол Қазақстаннан Ислам әлеміндегі маңызды қалаға дейін жетті.
Роланның бағыты бірнеше ел арқылы өтті:
Қазақстан – Ресей – Грузия – Армения – Иран – ОАЭ – Қатар – Сауд Арабиясы.
Иран мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы бағытты ол пароммен кесіп өткен.
Жас қазақстандықтың әлеуметтік желідегі жазбаларына қарағанда, оның сапары жалғасып жатыр. Мақсаты Меккедегі Қағбаға жету. Алайда жолаушы қасиетті мекенге велосипедпен кіре алмады – соңғы әрі ең шешуші нүктеде оны полиция тоқтатқан. Бұл сәт оның айтуынша, 45 күнгі жол, ондаған қала мен шекараларды кесіп өтіп, мәреге санаулы шақырым қалғанда тоқтау, сапардағы ең ауыр әрі эмоционалды кезең болған.
Алайда оқиға күтпеген түрде шешілді. Stories арқылы жағдайды жеткізгеннен кейін, оған Ұмра сапарларын ұйымдастыратын компания хабарласып, Сауд Арабиясының құқық қорғау органдарымен байланысқан. Сапар мақсатын түсіндіргеннен соң, компания арнайы көлік жіберіп, Роланды Мәдинаға дейін жеткізген. Сондай-ақ оған қонақүй бөлмесі ұсынылып, жолдан кейін қалпына келу мүмкіндігі берілді.
Роланның айтуынша, сапар бойына әр елде адамдар тоқтап, жағдайын сұрап, су, тамақ ұсынып, қолдау көрсеткен. Біреулер құрма сыйлап, кейбірі моральдық мотивация берген.
Қазір Instagram желісінде оның сапары қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары жас саяхатшыны жігердің, төзім мен рухтың үлгісі деп атап, аман-есен Меккеге жетуіне тілек білдіріп отыр.