
28 қарашада Қазақстан қаржы биржасында (KASE) доллар күрт арзандады. 1 АҚШ доллары шамамен 513 теңге болды. Бір тәулікте ұлттық валюта шамамен 3 теңгеге нығайды.
Ұлттық валюта елде базалық мөлшерлеме туралы маңызды шешім қабылданған күні нығайып жатыр. Бүгін Ұлттық банк (ҰБ) оны 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетейік, бір күн бұрын KASE-дегі валюта саудасы 516,20 теңгемен жабылған. Ал бүгін сағат 12.30-дағы жағдай бойынша 1 доллар 513,35 теңге болып тұр.
Қазірдің өзінде 160 млн долларға валюта саудасы жасалғанын ескерте кету керек. Соған қарағанда, ҰБ айналау, яғни теңгені нығайту операциясын жүргізіп жатқанға ұқсайды. Естеріңізге сала кетейік, орталық банк биыл теңгені нығайту үшін 5 млрд доллар жұмсаған. ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов қараша-желтоқсанда тағы 1 трлн теңге салатынын мәлімдеген.
Қазақстандағы валюта айырбастау мекемелерінде де доллар арзандап жатыр. Kurs.kz мәліметінше, қазір Алматы қаласындағы валюта пунктерінде 1 доллар 514 теңгеден қабылданып, 516 теңгеден сатылады. Астана қаласында бағам сәл жоғарырақ – 513 және 520 теңге.