Банк пен қаржы

ҰБ төрағасы Сүлейменов 1,7 млрд теңге сыйақы туралы мәліметті түсіндірді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов / фото: ҰБ

2024 жылы Ұлттық банк топ-менеджерлері 1,7 млрд теңге көлемінде «сыйақы» алғаны туралы мәлімет тарады. Банк төрағасы Тимур Сүлейменов осы мәліметті түсіндірді.

«Шындыққа сай емес. 1,7 млрд теңге сыйақы емес. Оның ішіне жалақы, емделу, демалыс ақысы, оқу және басқа да төлемдер кіреді. Сыйақы емес», – деп түсіндірді Сүлейменов 28 қарашада Астанада өткен брифингте.

Жақында ғана, 19 қарашада Сүлейменов үкіметтегі журналистерге сыйақы туралы сауалға жауап беруден жалтарған.

Әдетте қаржы есептерінде қаржы ұйымдары, компаниялар немесе мекемелер басшылары алған қаражат бір сөзбен «сыйақы» деп көрсетіледі. Құжаттарда оған айлық, демалыс ақысы секілді басқа да төлемдер кіретіні көрсетіледі.

Ұлттық банктің басқарма кеңесі тоғыз адамнан тұрады. Былтыр 1,7 млрд теңге топ-менеджерлерге жұмсалған. Бұл ретте олардың әрқайсының айлығы әртүрлі болуы мүмкін. Сол себепті кім қанша жалақы алғанын есептеу мүмкін емес. Қазақстандағы ұлттық компаниялар топ-менеджерлер айлығы мен сыйақысы туралы мәліметті жарияламайды, бірақ қаржы есептерінде жалпы көлемі ғана көрсетіледі.

Былтырғы жалпы сыйақы көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 22,8%-ға артық екенін айта кеткен жөн.

Бұған дейін Kursiv.Media ҚазТрансОйл топ-менеджері кемі 24 млн сыйақы алатыны туралы жазған. ҚТО 2024 жылы топ-менеджерлерге жарты млрд теңгеге жуық сыйақы төлеген.