
Kaspi жалпыұлттық QR төлем жүйесіне 2026 жылғы алғашқы тоқсанның аяғына дейін қосылады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Астанадағы брифингте осылай деп мәлімдеді.
«Kaspi кірмейінше, бүкіл нарықты қамтыдық деп айта алмаймыз. Банк келісімге қол қою арқылы жүйеге қосылу жөнінде шешім қабылдады. Бірақ оған техникалық тұрғыда өзгеріс енгізу қажет болып жатыр. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында ол жұмыстар толық аяқталады. Сол кезде оны да жүйенің бір мүшесі деуге болады», – деп жауап берді ҰБ төрағасы.
Сүлейменовтің айтуынша, Kaspi техникалық тұрғыда қосылған уақытта, жалпыұлттық QR төлем жүйесі қаржы нарығының 90%-ын қамтиды.
«Қандай да бір жағдай туып қалса, жұмысты бірінші тоқсан көлемінде аяқтаймыз. Сол үшін бүкіл ресурсымызды жұмсадық», – деді Сүлейменов.
Сол кезде азаматтар енді бірыңғай QR арқылы еркін төлем жасай алады. Бұл жүйеде әзірге Қазақстанның ірі алты банкі бар. Олар: Halyk, Freedom, RBK, Home Credit Bank, БЦК, Altyn bank. Жыл аяғына дейін тағы үш банк қосылады.
Астанада базалық мөлшерлемеге қатысты өткен брифингте Сүлейменов 1,7 млрд теңге көлеміндегі сыйақы туралы сұраққа жауап берген.