Тоқаев Швейцария вице-президенті Ги Пармеланмен кездесті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Швейцария вице-президенті Ги Пармеланмен келіссөздер жүргізді. Президент бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беретін маңызды мүмкіндік екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Швейцарияны Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктес ретінде қарастырады. Сондай-ақ, бұл мемлекет Қазақстан экономикасына ең ірі инвесторлардың бірі саналады: 2005 жылдан бері Швейцариядан 35,8 млрд доллар инвестиция тартылған. Бүгінде Қазақстанда 400-ге жуық швейцариялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Президент екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Қазақстан мен Швейцария энергетика, тау-кен өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, қаржы және жаңа технологиялар салаларында тиімді серіктестік орнатып отыр.

Өз кезегінде Ги Пармелан жылы қабылдау үшін алғыс айтып, екіжақты қатынастардың оң динамикасын жоғары бағалады. Швейцарияның саяси диалогты тереңдетуге, инвестициялық жобаларды кеңейтуге және экономиканың негізгі бағыттары бойынша бірлескен бастамаларды ілгерілетуге мүдделі екенін растады.

Сондай-ақ оқыңыз