
«Qarmet» компаниясы жаңа №8-9 кокс батареяларын салу бойынша негізгі кезеңге көшті: бүгін металлургиялық комбинаттың құрылыс алаңында болашақ іргетастың алғашқы негізі қаланды. Бұл Қазақстандағы ең ірі кокс агрегаттарын салудың тарихи бастауы болды.

Алғашқы бетонды құю жобалық және дайындық жұмыстарынан негізгі технологиялық құрылыстарды салуға көшу басталғанын білдіреді. №8 және №9 батареялар кәсіпорын құрылымындағы ең заманауи әрі өнімді батарея болмақ – олардың қуаты жылына 1,5 млн тонна құрғақ коксті құрайды, бұл домна өндірісін тұрақты қамтамасыз етіп, комбинаттың өнеркәсіптік тұрақтылығын арттырады.

Жаңа батареяларды салу кәсіпорын тарихындағы тұтас дәуірді аяқтайды. 1960 жылдары салынған және өз ресурсын толық сарқыған №1-4 агрегаттар 65 жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыстан кейін қолданыстан шығарылады деп жоспарланып отыр. Ескі батареяларды ауыстыру экологиялық көрсеткіштерді едәуір жақсартуға, шығындарды азайтуға және персоналды заманауи, қауіпсіз және автоматтандырылған жұмыс жағдайларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Біз №8 кокс батареясының іргетас плитасын құюды бастап, алғашқы бетон сәтті қабылданды. Бұл жобаның жалпы табысына қосымша сенімділік беретін маңызды меже. Алда конструктивті жұмыстардың үлкен көлемі тұр, команда оларды уақытылы іске асыруға толық дайын», – деп атап өтті Qarmet-тің күрделі құрылыс жөніндегі директоры Алексей Сидоренко.
Құрылыс жұмыстары Qarmet кокс-химиялық инжиниринг саласындағы әлемдік көшбасшы – ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Co. компаниясымен жасасқан бас келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылуда. ACRE – Қытайдың ең ірі мемлекеттік инжинирингтік компанияларының бірі, ол ҚХР-дың металлургиялық кәсіпорындары арасында нарықтың 95%-дан астамын алады әрі бүкіл әлем бойынша мыңнан астам инженерлік және консалтингтік жобаларды, соның ішінде 130-дан астамын бас мердігерлік шарттар аясында орындаған.

Инвестиция көлемі шамамен $369 млн құрайды. Оған кокс-химиялық инфрақұрылым нысандарының, инженерлік желілердің және қосалқы жүйелердің толық кешенін салу кіреді. Теміртау металлургтері жаңа агрегаттардан алғашқы коксті 2027 жылы алады.
Жаңа батареяларды салу металлургиялық және тау-кен өндірістерін жаңартуды, өндірістік үй-жайларды қайта құруды әрі техникалық инфрақұрылымды дамытуды қамтитын Qarmet-тің ауқымды жаңғырту бағдарламасының маңызды элементі болып саналады. Мұның бәрі бүгінде металлургиялық комбинатта болып жатқан трансформацияның тереңдігі мен маңызын көрсетеді.