Белсенді мүгедектер жайлы орынсыз сөйлеген шенеунікті отставкаға жіберуді талап етті

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Алмаз Ержан желідегі парақшасынан алынды

Қоғам белсендісі, терапевт Алмаз Ержан Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовты отставкаға жіберуді талап етті.

Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазба қалдырды.

«Егер Алматы облысы әкімінің орынбасары Қанат Есболатов мүгедектігі бар азаматтарды көпшілік алдында қорлағаны үшін қызметінен босатылмаса және отставкаға жіберілмесе, бұл қоғамға да, азаматтық ортаға да Астанадағы билік оның сөзін құптайтыны, тіпті мұндай деңгейі төмен кадрларды белгілі бір түрде қолдайтыны жөнінде теріс сигнал болуы мүмкін», – дейді ол.

Алмаз Ержан ондай жағдайда бұл оқиға отандық және халықаралық заңгерлердің, құқық қорғау ұйымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен даулы әрі көлемді сот процесіне себеп болмақ деп есептейді. Мұндай процесс еліміздің сыртқы имиджіне оң әсер етпейтіні анық деп ескертті.

«Бұл жайтты Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері түсінуге тиіс. Сонымен бірге әкім орынбасарының отставкасын талап ететін кез келген талап-арыз Қазақстан қабылдап, ратификациялаған мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі халықаралық конвенция мен оның факультативті хаттамасының нормаларының бұзылуына негізделетін болады. Бұл тек облыс әкімінің орынбасарына емес, Үкіметтің әрекетсіздігіне де бағытталған шағым саналады. Сол жиында отырып, бәрін тыңдап, үнсіз қалған денсаулық сақтау министрін де жауапкершілікке тарту мүмкіндігі бар. Біздің сауаты төмен шенеуніктер осының бәрін түсінер деп үміттенемін», – дейді ол.

Еске сала кетейік, өткен аптада Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Талғар ауданы халқымен кездескен кезде Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов орынсыз сөйлеп көпшіліктің ашуын туғызған еді. Ол жалпы жұртшылыққа жүгінгенде «әуелі мүгедектермен кездесіп алайық, оларды Алла Тағала, орысша айтқанда, и так наказали ғой» деген. Артынша шенеунік кешірім сұрап пост жазған.

Сондай-ақ оқыңыз