«Ас-су бермей бір ай ұстаған»: ауруханаға түскен әйелдің туыстары көмек сұрады

Treads желісінің Гүлмира Мұхамеди есімді қолданушысы жазба жариялап, әпкесінің басынан өткен оқиғаны баяндады. Айтуынша, Әсел Құсаева есімді әпесін қазанның соңында көңіл жарастырып жүрген әріптесі ұрлап кеткен. Шамамен бір ай бойы белгісіз бір жерде ұстаған. Ас-су бермеген. Содан әйел әлсіреп, салмақ тастаған, қозғалуға шамасы болмаған.
«Қинап, есірткі салған, ұйқы бермеген. Әпкем нағыз тозақтан өтті. Терезе арқылы қашқан кезде аяғын жарақаттап алған. Денесі қан-қан, әлі қалмай, көшеге шығып, өткен-кеткендерден көмек сұраған. Қазір Степногорскідегі ауруханада жатыр», – деп жазды Гүлмира Мұхамеди.
Айтуынша, әйел жүре алмай қалған. Кез келген бөгде әрекеттен қорқады. Туыстары әйелге қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасалған-жасалмағанынан бейхабар екенін жазды.
«Әпкемді нашақор деп көрсеткісі келіп жатыр. Бәрі екі жақты келісім негізінде болған дегенге апарғысы келеді. Осы оқиғадан кейін екеуін де өткен күнмен жұмыстан шығарып жіберген», – деп жазды желі қолданушысы.
Ақмола облысы полиция департаменті оқиғаға қатысты ақпарат берді. Іс Степногорск қаласы полиция басқармасында тіркелген.
«Әйел қазір Степногорск қаласы психикалық денсаулық орталығына жатыр. Ауруханаға жеткізу кезінде оның денесі кесілгені анықталды. Ол сынған әйнектен салынған жарақат болуы мүмкін. Сондай-ақ есірткі тұтынғанын және ішімдік ішкенін көрсететін белгілер болған», – деп хабарлады полиция.
Полиция іс бойынша тексеріс жүргізген. Ер адамның заңсыз әрекетке барғаны анықталмаған. Тексеру барысында әйел ешкімге шағымы жоқ екенін айтып, құқық қорғау органдарына арыз жазудан бас тартты.