Баласын Еуропаға оқуға түсіргісі келгендер 152 млн теңгесінен айырылды

Астанада білім беру орталығының иесі 52 адамды алдап кетті. Ол әлеуметтік желіде жарнама беріп, азаматтарды шетелге оқуға түсіруге уәде еткен.
Прокуратураның хабарлауынша, әйел Еуропа университеттеріне түсіріп, бір жыл бойы тіл үйрену курстарынан босататын сертификат беремін деп айтқан. Жарнамаға сенген азаматтар 152 млн теңгесінен айырылды.
Алайда уәде етілген сертификаттар берілмеген, қызметіне жүгінгендер шет елге оқуға түспеген. Тіпті бұл компанияда осы салада қызмет көрсету туралы халықаралық аккредитация болмаған.
Баласын Еуропаға оқуға түсіргісі келгендер орта есеппен 3 млн теңгеге жуық қаражатынан айырылған.
Ал сотталған азамат жиналған қаражатты өз қажетіне жұмсаған. Алайда сотта тағылған айыпты мойындамады.
Сот үкіміне сәйкес әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 7 жылға оқу орындарын ұйымдастыруға байланысты қызметпен айналыса алмайды.
Айта кетейік, Қазақстанда шетел университеттерінің филиалдары ашылды. Арасында De Montfort University, The University of Arizona, Мәскеу инженерлік-физика институтының Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалдары бар.