
Freedom Holding Corp. Түркиядағы қызметін дамыту бағытында келіссөз жүргізіп жатыр. Холдинг бұл елде цифрлық банк жұмысын дамытпақ. Бұл туралы Kursiv.Media-ға холдингтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Холдинг түрік нарығындағы қатысуын кеңейтуге, соның ішінде цифрлық банк жұмысын нығайтуға мүдделі. Алайда қандай банктер қарастырылып жатқанын және келіссөздің нақты мазмұнын жария етуге дайын емеспіз», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Bloomberg басылымы өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып, Freedom Holding Corp. TurkishBank AS банкін сатып алу бойынша келісөз жүргізіп жатқанын хабарлаған.
TurkishBank Түркия, Солтүстік Кипр және Ұлыбританияда жұмыс істейді. Топ құрамында инвестициялық-брокерлік сервис те бар. 2008 жылы Кувейттің Ұлттық банкі серіктесіне айналған.
2024 жылы «Фридом Банк Қазақстан» Тәжікстанда банк қызметіне лицензия алды. Сол жылы компания басшысы Тимур Турлов БАӘ мен Түркияның брокерлік қызмет нарығына шығу жоспары барын мәлімдеген.