
Қазақстан мұнайының 80%-ы Каспий Құбыр концорциумы (КҚК) арқылы тасымалданып, ел бюджетіне түсетін салықтың 20%-ын қамтамасыз етеді. Сондықтан сарапшылар мұнай құбыры жұмысының уақытша тоқтауы қазынаға түсетін қаржы көлемін қысқартатынын айтады.
Energy Analytics Telegram-арнасының авторы Абзал Нарымбетов мұнай экспортының КҚК-ға тәуелділігі 40%-дан 80%-ға артқанын жазады.
«Дрон шабуылы салдарынан КҚК-ның кейбір нысандарының жұмысын тоқтатуы – елдің экспорттық инфрақұрылымының қаншалықты осал екенін тағы бір мәрте көрсетті. «Теңіз терминалында» ВПУ-3 істен шықты, ал ВПУ-2 екі аптадан бері жөндеуден өтіп жатыр. Қазір ел тек ВПУ-1 арқылы жұмыс істеп отыр, бұл мұнай өндірісі мен экспортында тәуекелдерді арттырады», – дейді сарапшы.
Маманнның айтуынша, мұнай тасымалын әртараптандыру бойынша нақты нәтиже жоқ: Баку немесе Қытай бағытындағы жобалар жоспар деңгейінде қалып отыр. Яғни кез келген форс-мажор кезінде Қазақстан «жедел бағытты өзгертуге» мәжбүр, бірақ ондай мүмкіндігі жоқ. Сол үшін Нарымбетов Каспийдегі логистиканы кеңейту, Баку–Тбилиси–Джейхан бағытын тұрақты қолдау, шығыс бағытты күшейту, танкер мен құбырларды біріктіретін гибридті модель енгізуді ұсынады.
Алайда сарапшы Нұрлан Жұмағұлов Баку–Тбилиси–Джейхан (БТД) құбырымен мұнай тасымалдау экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін айтады. Қазақстандық экспорттаушылар үшін КҚК арқылы мұнай тасымалдау құны БТД-дан үш есе арзан. Сондықтан олар арзан әрі тиімді жолды таңдайды. Сонымен қатар Қазақстанда Атыраудан Ақтау немесе Каспий түбіне құбыр жүргізу арқылы қосымша экспорттық маршруттарды зерттеу бойынша жұмыс тобы құрылған, бірақ бұл жобалар КҚК-ның орнын алмастыра алмайды. Жаңа маршрут тек 20 млн тонна тасымалдауға қабілетті, ал КҚК арқылы жыл сайын 70 млн тонна мұнай жөнелтіледі.
«Қазақстан үшін Каспий құбыр консорциумы – елдің мұнай экспортындағы негізгі артерия. Қазіргі кезде КТК арқылы ел экспорттайтын мұнай көлемінің 80%-ы өтеді, бұл шамамен 55 млн тонна немесе 30 млрд АҚШ долларына тең жылдық кіріс береді. Сол кірістің үштен бірі, яғни 10 млрд доллардан астамы, мемлекеттік бюджетке түсіп, жалпы салық түсімдерінің 20%-ын қамтамасыз етеді» – деп жазады сарапшы.
29 қарашада Украинаның дрондары мұнай құбырына шабуыл жасап, теңіз терминалындағы бірнеше нысанға зақым келген. Бұл жайтқа қатысты Қазақстан Украинаға наразылық білдірді. Алайда Украина мұнай құбырына жасалған шабуыл Қазақстанға бағытталмаған деп мәлімдеді.