Жаңалықтар

Қандыағаш әкімі бір жыл бұрын әйелді ұрғаны үшін енді жұмыстан шығарылады

Қандыағаш әкімі бір жыл бұрын әйелді ұрғаны үшін енді жұмыстан шығарылады / Фото: Мұғалжар ауданының әкімдігі

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының әкімі былтыр кабинетінде әйел адамға қол көтергені үшін сотқа тартылды. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін ол жұмыстан шығарылады, деп хабарлайды Kazinform.

2025 жылдың қазан айында Мұғалжар аудандық сотында Қандыағаш әкімі Қазбек Аққайырға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол әйелді ұрғаны үшін кінәлі деп танылып, 80 АЕК – 314 560 теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Қазан айында өңірлік әкімдік үкім әлі заңды күшіне енбегендіктен шенеунік жұмыстан шығарылмағанын хабарлаған еді. Қазбек Аққайыр сот үкіміне апелляциялық шағым түсірген. Сот алқасының қаулысына сәйкес айыппұл мөлшері 295 360 теңгеге дейін азайтылды. Алайда жәбірленушінің адвокатының қызметіне ақы төлеуге өндіріп алынған шығыс сомасы 300 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

«Сот шешіміне сәйкес біз оны қызметтен босатамыз», – деді Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов.

Айта кетейік, 2024 жылғы 26 желтоқсанда әкімдік кабинетінде Қазбек Аққайыр мен оның танысы арасында жанжал болған. Жанжал кезінде ол әйелді иығынан және басынан бірнеше рет ұрған, денсаулығына зиян келтірмеген физикалық күш қолданған.

Қазбек Аққайыр 2024 жылы жазда Қандыағаш қаласының әкімі болып сайланған. Бұған дейін Талдысай ауылдық округінің әкімі, Мұғалжар ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметін, Ақтөбе облысы әкімі аппаратының бас инспекторы қызметін атқарған.