
Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Чэнду қаласында өткен Азия – Тынық мұхит аймағының іріктеу турнирінде жеңіске жетіп, 2026 жылғы Аустралия ашық чемпионатына тікелей жолдама алды.
Финалда Зарина Қытай Тайбэйінің теннисшісі Лян Эньшуоны 6:3, 6:4 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Бұл жеңіс оның WTA турына ұзақ үзілістен кейін қайта оралғаннан кейінгі ең ірі жетістіктерінің бірі болып отыр.
Дияс бұған дейін Аустралия ашық чемпионатында жоғары нәтижелер көрсеткен. Мельбурндегі додада 2014, 2015, 2020 және 2021 жылдары үшінші айналымға дейін жеткен.
Турнирден кейін Зарина өз эмоциясымен бөлісті:
«Бұл сәт – ең қиын күндерден кейін де жарық келетінің дәлелі. Психологиялық тұрғыдан ауыр кезеңнен кейін AO Wild Card Play-Off турниріндегі жеңісім маған өз күшімді көрсетті. Тағдырға ризамын, осының бәрінен өте алғаныма мақтанамын», — деді Дияс.
Еске сала кетейік, бұған дейін Зарина Дияс Жапониядағы турнирде жеңіске жеткен еді.