Ірі жер сілкінісіне сақадай дайынбыз – Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының аумағында жер сілкінісі жиі тіркеледі. Аймақ әкімі Ербол Қарашөкеев табиғи апат кезіндегі қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауда екенін айтты. Сондай-ақ ірі жер сілкінісі тіркеле қалған жағдайда да, оған сақадай сай екенін мәлімдеді.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде соңғы 2 жылда орташа және кіші баллдағы 4-5 жер сілкінісі оқиғалары тіркелген. Қазір облыс бойынша 7 сейсмобекет жұмыс жасап тұр.
«Оларды қадағалап, ТЖД-мен бірлесіп жұмысты атқарып жатыр. Негізі дайындық жұмыстары да қолға алынды. Құдай сақтасын, үлкен жер сілікінісі болса, оған дайын деп санаймыз«, – деді Қарашөкеев.
Ербол Қарашөкеевтің келтірген мәліметіне сенсек, өңірде зардап шеккен халықты қабылдайтын 423 пунк бар. Бұдан бөлек, 9 гуманитарлық қабылдау орындары, ал аудандарда 8 қоқыс төгу және 6 қайтарымсыз шығындарды жерлеу орындары айқындалған.
«Халықты құлақтандыру үшін 145 құлақтандыру құралы, 95 бірлік сөйлеу сиренасы, 50 электрлі сиренаны қолданылады. Сонымен қатар ПД-ның патрульдік автокөліктері тартылатын болады. Алматы және Астанадағыдай ыңғайлы үлкен жүйені іске қосу жоспарымызда бар. Ол үлкен қаражатты талап етеді. Қолда бар сиреналардың және эвакуациялық орындардың дайындығын жүйелі түрде тексеріп тұрамыз«, – деп түсіндірді облыс басшысы Астанада өткен брифинг барысында.
Аймақ басшысы соңғы жер сілікінітері болғанда зардап шеккендер болмағанын айтты. тек бірқатар әлеуметтік нысандар қираған, олар бюджет есебінен қалпына келтірілді.
Айта кетейік, осыған дейін оңтүстікте 31 елді мекенде жер сілкінісі сезілді. осыдан кейін өңірлерде жедел штаб құрылды.