
Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов жаңа толықметражды фильмге дайындық жұмыстарын бастайтынын хабарлады. «Жеті ата» аталатын фильміне екі жыл бойы дайындалғанын атап өтті.
Сценарийін Абылай Нұрымбетов жазған фильмді Сейітов өзінің марқұм атасына арнамақ.
«Екі жыл бойы мен «Жеті ата» атты жаңа фильм аясында жұмыс істеп келемін Бұл біз өмірде жоғалтқан, бірақ жүрегіміздің бір бөлігі болып қала беретін адамдар туралы оқиға. Түсірілім келесі жылы басталады. Бұл мен үшін маңызды жоба және мен сіздерді осы сапарға қосылуға шақырамын», – деп жазды режиссер.
Ол осыған дейінгі дебюттік фильмінен кейін қатты қиналғанын, өз мамандығына қатысты ойланғанын айта кетті. Алайда әртүрлі қалаларға, елдерге сапар шегіп, жаңа шабыт іздеген.
Атасы өмірден өткен сәтте қатты қиналып, жаңа туындысын оған арнауды жөн көрген. Режиссер жаңа туындысында әсірелемей, шынайы болуды қалайды. Түсірілім келесі жылы басталмақ.
Айта кетейік, осыған дейін Айсұлтан Сейітов 1930-жылдардағы Ашаршылық туралы «Қаш» фильмін түсірген. Фильм бірнеше шетелдік наградаларға ие болды.