
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Астанадағы брифингке не себепті орынбасарлары мен қарамағындағы бірнеше мамандарды алып келгенін түсіндірді.
Астанаға әкіммен бірге қанша шенеунік келді
Брифнг барысында сұрақ қойған БАҚ өкілі залда әкімдікте жұмыс істейтін 20 шақты адам жүргенін айтты.
«Жамбылдан сонша адамды алып келудің қажеттілігі қанша? Жол-пұлы бар, бюджет шығыны бар… Жалпы әкімдікте адам қалды ма? Осындағылардың барлығы сіздің PR-ыңызбен айналыса ма? Не үшін осынша адамды ерті келдіңіз?,» – деп сұрады БАҚ өкілі.
Қарашөкеев: көрсін, үйренсін….
Қарашөкеев басқарма басшылары мен баспасөз хатшысы келгенін айтты. Өзімен бірге ерте келуінің себебін былай деп түсіндірді:
«Мұнда шақырған себебім, орталықта қандай проблема көтеріліп жатқанын келіп көрсін. Ол мамандардың барлығында министрлікте де жұмыстары бар, іссапарымен келді. Әрине ОКҚ алаңына да шақырған жәйім бар, келісін, үйренсін! Орталықта журналистер тарапынан қандай сұрақтар көтеріліп жатқанын көрсін. Сол себепті ешқандай шығын жоқ, өздерінің жоспарлап қойған іссапарлары», – деп жауап берді әкім.
Айта кетейік, Ербол Қарашөкеев баяндамасында Жамбыл облысында бір қызметкердің орташа жалақысы 10,2%-ға өсіп, 308,1 мың теңгені құрағанын мәлімдеді.