Жаңалықтар

Астаналық базарда сауда жасайтын жігіт ММА чемпионы атанды

фото: instagram

Астаналық базар ұжымы әріптестері Бекжан Әбілқасымды MMA-дегі жарқын жеңісімен және чемпиондық белбеуге қол жеткізуімен шын жүректен құттықтады. Базарда телефон мен аксессуар сататын спортшының табандылығы мен еңбегі көпшілікті тәнті етті.

«Еңбегің еленді, жаңа белестерді бағындыра бер!» – деп жылы лебіздерін білдірді әріптестері.

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Бекжан Әбілқасым (6-0) Алматыда өткен Naiza 78 турнирінде кезекті әсерлі жеңісіне қол жеткізді. Жеңіл салмақтағы уақытша чемпиондық белбеу үшін тәжікстандық Бежан Ходжалиевпен (3-0) кездесті. Бес раундқа жоспарланған жекпе-жек небәрі алғашқы раундтың үшінші минутында аяқталды – Әбілқасым қарсыласын техникалық нокаутпен тоқтатты.

Осылайша Бекжан кәсіби мансабындағы алтыншы жеңісіне жетіп, Naiza FC ұйымының жеңіл салмақтағы жаңа уақытша чемпионы атанды.

Чемпиондық белбеуден кейін Бекжанды елордадағы «Астаналық базарда» (халық арасында «Артем» деп танылған) әріптестері ерекше құрметпен қарсы алды. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, базар басшылығы спортшыға 3 млн теңге көлемінде сыйақы табыстап, оның жұмыс нүктесінің жалға алу құнын бір жылға айтарлықтай төмендеткен. Бұрын айына 125 мың теңге төлейтін болса, енді жыл бойы тек 20 мың теңге ғана төлейді.