
Үкімет басшысы Олжас Бектенов бүгінгі жалпы отырыста мемлекет әлі де отандық фармацевтикалық өндірушілерді қолдайтынын мәлімдеді.
Премьер-министр отандық фармацевтика саласына қаржы тартуды ынталандыру мақсатында инвестициялар туралы келісімдер жасалып жатқанын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру бойынша 9 инвестициялық жоба қолға алынғанын айтты. Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге үш ай ішінде барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, инвесторлармен келісімдердің жасалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Дәрі-дәрмекке баға белгілеудің жаңа цифрлық жүйесі фармацевтикалық нарықтағы барлық қатысушылар үшін бірыңғай ережелерді бекітті. Биыл препараттарға бағаны төмендетудің арқасында мемлекет дәрілерді сатып алуда 36 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеді. Бұл қаражат халықты қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталады», – дейді ол.
Олжас Бектенов сатып алу бағаларының төмендеуі өндірушілер мен жеткізушілерге ұнай бермейтіні түсінікті деді.
«Отандық фармацевтикалық өндірушілерге айтарым, біз сіздерді әрі қарай да қолдаймыз. Оған ешқандай күмән болмасын. Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары сапалы медициналық өнімді жеткізетін және бағаны жасанды түрде өсірмейтін нарықтың адал қатысушыларына ғана көрсетіледі», – дейді ол.
Премьер-министр азаматтардың мүдделерін басшылыққа алуды жүктеп, дәрі-дәрмек әділ бағамен сатып алынатынын мәлім етті.