
Алматы облысы Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаев 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.
Kazinform ақпаратына қарағанда, Іле аудандық соты Бағдат Қарасаевқа және басқа да қатысушыларға қатысты қылмыстық істі қараған.
Сот Қарасаевты лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, жеке шаруашылық серіктестігіне жер учаскесін заңсыз бергенін, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын басқару кезінде аталған кәсіпорынға қамқорлық көрсеткенін, сондай-ақ заңсыз түрде кәсіпкерлік қызметпен айналысқанын анықтады.
«Сот үкімі бойынша:
• Қ. 361-баптың 3-бөлігі және 364-баптың 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды және мемлекеттік қызметтерде жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салынды;
• Б. 361-баптың 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бостандықты шектеу жазасы берілді және мемлекеттік құрылымдарда қызмет етуге өмір бойы тыйым салынды;
• Д. 195-баптың 4-тармағы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бостандықты шектеу жазасы кесілді және 3 жыл бойы мемлекеттік мүлікті сеніп басқару қызметімен айналысуға тыйым салынды;
• М. Ақталды», – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Бағдат Қарасаев Іле ауданының әкімі лауазымын 2018 жылғы қыркүйектен бастап атқарған. Оны Антикор қызметкерлері 2024 жылғы қыркүйекте сыбайлас жемқорлық күдігімен ұстаған.
Айта кететін жайт, қарамағындағы екі әкім ұсталған Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің неге отставкаға кетпейтіні туралы жазғанбыз.