Жаңалықтар

Бажкенова үйқамақта: журналистік орта бұл туралы не деп жатыр

фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Адэлина Мамедова

1 желтоқсанда қазақстандық медиа кеңістікте елеулі екі оқиға болды. Таңертең мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева премьер-министрдің орынбасары деп тағайындалды. Екі сағаттан кейін Orda.kz сайтының құрылтайшысы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Оның үйінде, редакция кеңсесінде тінту басталды. Кейбір журналистерді полиция тергеді. Ал кешке Бажкенова екі айға үйқамаққа алғаны жарияланды. Бұл тәуелсіз БАҚ-қа жасалған қысым ба? Қазақстандық медиа қандай реакция білдірді? Kursiv Media шолуында ұсынамыз.

«Жалған ақпарат таратты»

Гүлнәр Бажкеноваға қарсы қылмыстық іс қозғалғаны жайлы алдымен Алматы полиция департаменті хабар таратты. Құзырлы орган дерегінше, Orda.kz сайтында полиция қызметкеріне қатысты жалған ақпарат жарияланған. Нақты қандай материалдар екені белгісіз. Осыдан кейін Бажкенова қылмыстық іс қозғап, редакцияда тінту басталды.

Ресми мәлімдемені елдегі барлық БАҚ жарыса жазды. Азаттық радиосы, Nur.kz, Atameken Business, Qaz365.kz, ҚазТАГ тәрізді порталдарда жарияланды. Zakon.kz таңертеңгі мәлімдемені жазған жоқ, бірақ түнде Бажкенованың үй қамаққа алғаны жайлы ақпаратты салды. Дәл осылай Ұлысмедиа порталында кешкілік Orda.kz редакциясында тінту жүргізілгені жайлы ақпарат шықты. Жақында «Үркер» сыйлығын иеленген Адырна порталы Orda.kz сайты жұмысын жалғастырып жатқаны жайлы жаңалық жазды.

Бұған дейін Orda айналасындағы дауларға қатысты ақпараттарды елеусіз қалдыратын мемлекеттік Қазақпарат порталында да Бажкеноваға қатысты материал шықты. Бұл журналист жайлы әзірге сайттағы жалғыз материал. Бірақ елдегі ең ірі ақпараттық портал саналатын Tengrinews бұл шудан тысқары қалды, ешқандай ақпарат салмады.

Гүлнәр Бажкенованың жағдайы туралы ресейлік тәуелсіз басылымдар да хабар таратты. Meduza порталында Orda.kz редакциясында және журналистің үйінде тінту жүргізілгені жайлы жаңалық шықты. Ал «Дождь» телеарнасы мәселені күндізгі жаңалықтар топтамасында талқылады. Эфирде пікір білдірген құқық қорғаушы Ғалым Ағалеуов тінту жүргізу экс-министр Мұрат Нұртілеумен байланысты болуы мүмкін деген болжамын айтты.

Орда кеңсесінің алдындағы әскерилер / фото: Азаттық радиосы, Мейірім Бақытжан

БАҚ-қа жасалған қысым

Orda.kz журналистерінің сөзінше, полиция Алматы мен Астанадағы кеңседе қатар тінту жүргізген. Мұздай қаруланған құзырлы орган өкілдері тілшілерді де, олардың адвокаттарын да кеңсеге кіргізбей, дөрекілік танытқан. Журналистердің ұялы телефондарын, компьютерлерін жинап алған. Сайттың шеф-редакторы Дмитрий Кимді екі рет жауап алуға шақырған.

Редакцияда тінту басталды деген хабар шыққанда «Әділ сөз» ұйымы алғашқылардың бірі болып реакция бергенін атап өту керек. Ұйымның құқық қорғаушылары редакцияға барды, тілшілердің жанында жүрді. Кейінірек жағдайға алаңдаушылық білдіретінін айтып мәлімдеме жасады.

«Тергеу процедураларын толық ашық жасауға, журналистердің құқығын құрметтеуге және сөз бостандығына қысым деп бағаланатын кез келген әрекеттерге бармауға шақырамыз», – деп жазылған мәлімдемеде.

6000-ға жуық мүшесі бар Қазақстан журналистер одағы да арнайы үндеу жасады. Ұйым сөз бостандығына кедергі келтіретін жағдайлардың барлығына бірдей реакция таныта бермейді. Бірақ Орданың жағдайында «Қылмыстық кодекстен 274-бапты («Көрінеу жалған ақпарат тарату») алып тастау қажет» деген арнайы мәлімдеме жасады.

«БАҚ пен журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігін түсіне отырып, Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа 274-бапты азаматтық-құқықтық қатынастар санатына ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Жалған, не жала жабу сипатындағы ақпарат таралды деген тұлғалар немесе ұйымдар өз беделін тек азаматтық-құқықтық қатынастар аясында ғана қорғауы тиіс. Аталған бап журналистер мен белсенділерді қылмыстық жауапкершілікке тартудың әмбебап тетігіне айналды», – деп жазылған мәлімдемеде.

Kursiv болған жағдайға қатысты редакция тілшілеріне хабарласып көрді, әзірге, байланысқа шыққан жоқ. Бірақ сайтта жаңалықтар лентасы жұмыс істеп тұр.

Осы жылы 4 қыркүйекте Orda.kz басылымы ІМ Мұрат Нұртілеу, кәсіпкер Гаджи Гаджиев пен ҰҚК-нің бірқатар қызметкері ұсталғанын хабарлаған.  Бірақ мәдениет және ақпарат министрі Аида БалаеваСІМ ақпаратты дереу теріске шығарды. Дегенмен Бажкенова дереккөзінің сенімді екенін айтып, жаңалықты өшірген жоқ.

Арада үш күн өткеннен кейін ғана экс-министр көпшілік алдына шықты. Бірақ өзі туралы материал жазған редакция тілшілерін сотқа бермейтінін айтты.

Бір ай уақыт толмай жатып Тоқаев Нұртілеуді қызметінен босатып, орнына Ермек Көшербаевты тағайындады.