Жаңалықтар

Бишімбаев бұрынғы әйелінің туған күніне қандай «сыйлық» жіберген

Бывшая жена Бишимбаева Назым Кахарман
Бишімбаев бұрынғы әйелінің туған күніне қандай «сыйлық» жіберген / Фото: instagram.com/nazymkakharman/

Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтіргені үшін сотталған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман видео жариялады. Айтуынша, туған күніне түрмеден бұрынғы күйеуі Бишімбаев арнайы сыйлық жолдаған.

Оның айтуынша, таңертең туыстары мен жақындарының гүлдерімен және құттықтауларымен бірге оған бұрынғы күйеуінің сотқа түсірген шағымы табысталған. Назым Қахарманға соттан екі конверт келген. Бірі – балалармен қарым-қатынас тәртібін анықтау туралы талап, екіншісі – балаларды шетелге шығаруға қатысты сенімхатты қайтарып алу туралы ескерту.

Бишімбаев балаларына шетелге шығуға тыйым салды

Назымның айтуынша, алдымен Бишімбаев сот шешімімен балаларды шетелге шығаруға сенімхат ресімдеген, бірақ он айдан кейін оны қайтарып алған. Енді ол балаларының елден тыс жерлерге шығуына рұқсатты да жойған.

«Оның сөзінше, мен оған балалармен сөйлесуге жол бермей, оның абыройына нұқсан келтіріп жүрмін», – дейді Назым Кахарман.

Оның ойынша, мұның бәрі Бишімбаевпен байланыста болуға мәжбүрлеу үшін жасалған әрекет.

«Егер бұл өкінішті жағдай болмаса, мен бұған күлер едім. Мен дәл осы әрекетті күткенмін», – деп жазды ол видеодағы түсініктемеде.

Бишімбаевтың үкімі және балаларға қатысты соттар

Еске сала кетейік, Қуандық Бишімбаев 2024 жылдың мамыр айында әйелі Салтанат Нүкенованы ерекше қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметінше, ол бірнеше сағат бойы мейрамханада әйелін ұрып-соғып, медициналық көмек көрсетпеген және оқиғаны жасыруға тырысқан. Сот оны жүйелі азаптағаны және аса қатыгездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп тапты. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сот процесі алқабилердің қатысуымен өтіп, тікелей эфирде көрсетілді.

2024 жылдың қыркүйек айында Астана соты азаматтық некедегі жарын өлтіргені үшін сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айырудан бас тартқан. Оның балаларының денсаулығына, тәрбиесіне және оқуына зиян келтірмейтінін айтқан.