Жаңалықтар

Шымкентте автобус жүргізушісін соққыға жыққан жасөспірімге қатысты ісі тоқтады

фото: kursiv.media архивінен

Шымкентте автобус жүргізушісін соққыға жығып, абайсызда денсаулығына ауыр зиян келтірген 17 жастағы айыпталушының ісі тоқтады. Сот мұны екі тараптың татуласуымен байланыстырды. Істі қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған.

«Жәбірленушінің татуласуы, келтірген зиянды қалпына келтіруіне байланысты Қылмыстық кодекстің 114-бабы 3-бөлігімен айыпталған сотталушы қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылсын. Оған қолданылған бұлтартпау шарасы өзгертіліп, күзетпен ұстаудан сот залынан дереу босатылсын»,– деді судья Болат Қарабаев.

Іс ашық қаралды. Айыпталушы тарап іске журналистердің қатысуына қарсы болды. Олар өздерін фото-видеоға түсіруге рұқсат бермеді.

Сот тергеуінде прокурор Қуаныш Үмбет айыпталушыға тағылған айыпты өзгертті. Нақтырақ айтқанда, жасөспірімнің ісі сотқа Қылмыстық кодекстің «Денсаулықа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен түскен. Сот тергеуінде оның бұл қылмысқа қасақана емес, абайсызда барғаны анықталған.

Оның сөзінше, айыпталушының жұдырығы жәбірленушінің ерніне тиген. Соққыдан құлап басы жарылған.

«Сотталушының іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 114-бабы 3-бөлігімен дұрыс сараланған деп санаймын және қайта саралауға негіз жоқ деп есептеймін», – деді прокурор.

Жарыссөзде де, сот үкімін тыңдауға да жәбірленуші қатыспады. Сотта таяқ жеген автобус жүргізушісінің айыпталушыға кешірім бергені айтылды. Сондай-ақ оның осы оқиғаға қатысты кеткен шығыны өтелген, моральдық өтемақы берілген. Айыпталушы кінәсін толық мойындады, өз әрекетіне қатты өкінетінін, жәбірленушіден кешірім сұрайтынын айтып, ендігі кезде мұндай қылмысқа бармауға уәде етті. Айыпталушы бозбала сот залынан босатылды.

Баласы темір тордан шығарылғанда, анасы көз жасына ерік берді.

Бұл оқиға 12 маусым күні кешке болған. Шымкенттегі Бекжан базары маңында жолақысын төлемеген жолаушы №52 бағыттағы автобус жүргізушісін ұрып кеткен еді.