Жаңалықтар

«Жылдамдықты 66 км/c асырғандарға айыппұл салынады»: ІІМ хабарламаны жоққа шығарды

Ішкі істер министрлігі хабарламаны жоққа шығарды/фото: shutterstock

Мессенджерлерде түнгі 00:00-ден бастап рұқсат берілген ең жоғары жылдамдық 66 км/сағаттан аспайтыны көрсетілген хабарлама тарады.

«Құрметті көлік жүргізушілері! Жылдамдықты 68, 69 немесе 75 км/сағатқа дейін асырсаңыз камераға түсесіз, автоматты түрде 19 000 теңге көлемінде айыппұл салынады. Артық шығынға ұшырамау және айыппұл арқаламау үшін жылдамдық режимін сақтауды сұраймыз», – делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігі бұл хабарламаны жоққа шығарды.

«Рұқсат берілген ең жоғары жылдамдық 66 км/сағ» деген өзгеріс енгізілген жоқ. Жалған хабарлама тарап жатыр. Елдімекендерде жеңіл көліктер үшін бұрынғыдай стандартты норма – 60 км/сағ. Камералар жылдамдық асырғанды 70 км/сағ және одан жоғары болғанда ғана тіркейді», – деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.