Алматыда курсант бұрынғы қызымен жанжалдасқаннан кейін академиядан шығарылды

Алматыда ішкі істер министрлігі академиясының курсанты бұрынғы сүйіктісін ұрды деп айыпталды. Алматы полициясы оқиғаның мән-жайын баяндады.
Әлеуметтік желіде өзін қыздың туысы деп таныстырған қолданушы жазба жариялады.
«Кәмелетке толмаған сіңілімді бұрынғы жігіті ұрған. Кешке екеуі кездесіп, сіңілім жігіттің көлігіне отырған. Телефонын сұраған, бірақ сіңілім бермеген. Содан кейін агрессия көрсете бастаған. Белдеумен тұншықтырып, шашынан жұлып, көліктің ішінде басын соққан. Қабырғасынан теуіп, басынан ұрған. Көлікке отырғызып, шығармай қойған», – деп жазды қолданушысы.
Алматы полициясы қылмыстық іс қозғап, жан-жақты тергеу жүргізген.
«Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар қыз және өзге де тұлғалардан жауап алынды. Жәбірленуші ата-анасымен бірге арыз жазудан және сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартты. Тексеру нәтижесінде қыздың денесінде көрінетін жарақат белгілері анықталған жоқ», – делінген ақпаратта.
Соған байланысты істі қысқарту туралы шешім қабылданған.
Соған қарамастан ІІМ Алматы академиясының тәртіптік комиссиясы шешімімен оқиғаға қатысы бар курсант оқу орнынан шығарылды.
Бұған дейін, Қордай ауданында дамуында ерекшелігі бар 14 жастағы қыз зорлыққа ұшырап, жүкті болып қалғанын жазғанбыз. Жамбыл облысы полициясының хабарлауынша, анасының арызынан кейін сотқа дейінгі тергеу басталды.