«20 тісті де емдеуге болады»: бүлдіршін қайтыс болған стоматология иесі сотқа қатысты

Астанада үш жастағы Зере Есентай стоматолог кабинетінде қайтыс болды. Қайғылы жағдай 2024 жылдың 30 қазанында болған. Артынша қылмыстық іс қозғалып, анестезиолог Аида Жұмағалиеваға кәсіби міндетін дұрыс орындамады деген айып тағылды.
Істің мән-жайы
Үш жастағы қызға Dental Park Ortho стоматология клиникасында «Севоран» препараты салынып, наркоз жасалған.
Әкесінің сөзінше, емдеу жоспарланған үш сағаттың орнына 3,5 сағатқа созылған.
Қылмыстық іс қозғалды
Ресей азаматы – анестезиолог Аида Жұмағалиеваға қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Бұл бапта медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы абайсызда адам өліміне әкеп соққан жағдай көрсетілген.
11 тісін емдеу қажет болған
2025 жылдың 2 желтоқсанындағы сот отырысына Dental Park Ortho құрылтайшысы әрі директоры Надежда Хон куә ретінде қатысты.
Айтуынша, Аида Жұмағалиева 2024 жылдың қыркүйегінен бастап жұмысқа қабылданған. Клиника иесі оның Ресей азаматы екенін білмегенін айтады. Себебі жұмысқа қабылдау туралы шешімді атқарушы директор қабылдаған.
Марқұм қызды стоматологияға ата-анасы алып барған. Адвокаттың «бастапқыда қыздың қанша тісін емдеу қажет деп шешілді?» деген сұрағына куә нақты жауап бермей, стоматолог дәрігердің әрекетіне қатысты ештеңе айта алмайтынын жеткізді. Алайда істі қарап жатқан судья сұрағына берген жауабында бастапқыда 9-11 тісін емдейді деп шешілгенін айтты.
«Дәрігердің айтуынша, қыздың тісін қарағаннан кейін шамамен 9-11 тісін емдеу қажет деп жоспарланған. Стоматолог тағы кариес анықталғандықтан, 18 тісті емдеуді ұсынған», – деді Хон сотта.
Жоспар емдеу барысында өзгерген
Сотта Надежда Хоннан бастапқы жоспар қандай жағдайда өзгеретіне қатысты да сұрақ қойылды. Айтуынша, тісін емдетуге келген адамнан рұқсат алынады. Дәл осы жағдайда ата-анасынан қыздың 18 тісін емдеуге стоматолог рұқсат алған.
Адвокат «тіс емдеу жоспарын өзгертуге ата-анасының рұқсаты алынды ма?» деп сұрады.
«Стоматологтың айтуынша, ата-анасы рұқсат берген. Ол қыз жатқан кабинетке ата-анасын апарып, көрсеткенін айтты. Емдеу қажет тіс көп екенін айтып, рұқсат алған», – деді стоматология иесі.
Айтуынша, бірден 20 тіске дейін емдеуге болады. Алайда «тісін емдетуге келген адамның жасы ескеріле ме?» деген сұраққа Хон жауап бере алмады.
Қан қысымы да өлшенбеген
Бұған дейін прокурор «Севоран» салар алдында анестезиолог пен стоматолог міндетті түрде педиатрмен кеңесу керек болғанын, бірақ оны істемегенін айтты. Баланы толық тексеру тек операция күні ғана жүргізілген. ВИЧ, гепатит және басқа да инфекциялар бар-жоғын анықтауға қан алынбаған. Тіпті наркоз алдында қан қысымы өлшенбеген.