Lifestyle

«Кенесарының басын іздеу»: Мәдениет министрлігі пікір білдірді

«Кенесары ханның бас сүйегі елге оралса, Қазақстанның алтын ғасыры басталады»./коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
«Кенесарының басын іздеу»: Мәдениет министрлігі пікір білдірді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сенат кулуарында журналистер мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтан Кенесары ханның басы қайда екенін және оның Қазақстанға оралу мүмкіндігі бар-жоғын сұрады, деп хабарлайды Кazinform.

«Қазір бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Себебі Кенесараның басы қайда екенін нақты айта алмаймын. Бізде мұндай нақты ақпарат жоқ», – деді ол.

Тарихи жәдігердің мәдени маңыздылығын ескере отырып, іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр ма деген сұраққа вице-министр зерттеулердің жалғасып жатқанын атап өтті.

«Кенесарының басы ғана емес. 2004 жылдан 2006 жылға дейін және одан кейінгі жылдары да бізде мәдени мұра бойынша мемлекеттік сипаттағы арнайы іздеу бағдарламалары болды. Біздің ғалымдар шетелге барып, мұражайларда, мұрағаттарда, кітапханаларда жұмыс істеді. Көптеген мұрағаттық құжаттардың көшірмелері Қазақстанға жеткізілді», – деді ол.

Айбек Сыдықов атап өткендей, «Архив-2025» бағдарламасы аясында ғана соңғы жылдары шетелде цифрландырылып, Қазақстанға 14 мыңнан астам архив құжаттары мен жәдігерлері жеткізілді.

Айта кетейік, осыған дейін Астанадағы жөндеу жұмыстарына байланысты орнынан алынған Кенесары ханның ескерткіші қайта қойылғанын жазған едік.