
Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салынбастан елден ерікті түрде шығып кете алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Корея Республикасының Әділет министрлігімен арнайы келіссөз жүргізді.
Бұл мүмкіндік 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылғы ақпан айын қоса алғанға дейін жарамды.
Бағдарламаға қатысу үшін төлқұжат, ерікті қоныс аудару туралы өтініш және әуе билеті қажет. Заңсыз жүрген қазақстандықтар Корея Республикасының иммиграция кеңселері арқылы ұшу күніне дейін 15-тен 3 күнге дейінгі аралықта хабарлама жібереді.
«Бұл шаралар құқықтық салдарларды жеңілдетуге және өз мәртебесін реттеуге дайын адамдарды қолдауға бағытталған. Бағдарлама қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, мәжбүрлеп шығару шарасына жататын, сондай-ақ 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге түскен шетелдіктерге қолданылмайды», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Дегенмен ведомство қазақстандықтарды шетелде тек заңды негізде жұмысқа орналасуға шақырады. Бұл заңсыз көші-қон, елден шығарып жіберу, айыппұлдар, құқықтық шектеулер және еңбек қанауы сияқты тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде 156,7 мың қазақстандық шетелде еңбек етіп жүр. Оның ішінде Оңтүстік Кореяда 15,2 мың адам бар. Оның он бір мыңы заңсыз жұмыс істеп жүргендер.