
2025 жылдың қарашасында теңге айтарлықтай нығайып, ай соңында доллар 512,57 теңге деңгейіне дейін арзандады. Алайда Halyk Finance сарапшылары теңгенің бұлай нығаюына экономикалық негіз жоқ деп тұжырымдайды. Олардың айтуынша, теңгенің күшеюіне негізінен шетелдік инвесторлардың қысқа мерзімді алыпсатарлық операциялары, яғни кэрри-трейд (carry trade) себеп болды.
Кэрри-трейдтің мәні – шетелдік инвесторлардың долларды арзанға алып, Қазақстанда жоғары пайызбен мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуы.
Шетелдік инвесторлар жақын уақытта теңге бағамы тұрақты болады немесе тіпті нығаяды деген болжам жасап, шетелде долларды төмен пайызбен қысқа мерзімге қарызға алады да, сол долларды Қазақстанда теңгеге ауыстырады. Ауыстырған теңгеге олар Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алады, өйткені бұл қағаздар бойынша пайыздық табысы жоғары. Бұл стратегия олардың пайдасын арттыра түседі
Мұндай операциялар базалық мөлшерлеме қазан айында 18%-ға күрт көтерілгеннен кейін ерекше тартымды бола бастаған.
Сонымен қатар, Ұлттық банк алтын сатып алған кезде оны теңгеру үшін валюта сатады. Валютаның сатылуы теңге бағамын тeжеп, оның әлсіреуіне жол бермейді. Бұл да инвесторлардың тәуекелді төмен деп қабылдауына әсер етеді.
Соның нәтижесінде қазан айында шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салған ақшасы шамамен 300 млн долларға өсті, ал қарашада бұл көлем одан да артқан. Нәтижесінде теңге айтарлықтай нығайды.
Дегенмен сарапшылар бұл үрдісті тұрақты құбылыс емес деп ескертеді. Себебі мұндай инвестициялар табиғатынан өте құбылмалы. Кез келген сыртқы немесе ішкі шок кезінде шетелдік инвесторлар нарықтан тез шығып кетуі мүмкін. Ондай жағдайда валютаны жаппай сатып алу басталып, теңге қайта әлсірейді.
Мысалы, таяуда Каспий Құбыр Консорциумындағы (КҚҚ) нысандардың зақымдануы да осындай қауіп тудыруы мүмкін. Себебі КҚК арқылы Қазақстан мұнайының 80%-ы экспортталады. Бұл бағытта қандай да бір белгісіздік орын алса, инвесторлар тәуекелге барғанды қаламай, қаржысын кері әкетуі ықтимал.
Ұлттық банк қараша айында нарыққа 1,5 млрд доллар көлемінде валютаны таза сатты. Оның ішінде 600 млн доллар — Ұлттық қордан бюджетке трансферт бөлу үшін сатылған қаржы. Сонымен бірге Ұлттық банк қараша айында 475 млрд теңгеге алтын сатып алды. Бұл экономикадағы артық ақшаны «сорып алып», теңге бағамының күрт құбылуына жол бермеу үшін жасалған.
«Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына шетелдік инвесторлардың көп көлемде қаржы салуы валюта және ақша нарығындағы қаржылық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы біз бұрынғы материалдарымызда да атап өткенбіз. Жалпы, Қазақстан экономикасында қаржылық тұрақтылыққа ықпал ете алатын бірқатар факторлар сақталып отыр. Олардың қатарында Үкіметтің қаржы саясаты мен Ұлттық Банктің ақша-несие саясаты арасындағы үйлесімнің жеткіліксіздігіне байланысты туындайтын тәуекелдер де бар», – деп атап өтеді сарапшылар.
Жалпы, сарапшылар Ұлттық банкке қаржылық тұрақтылыққа қатысты нақты саясат ұстану және шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарға қатысуы туралы деректерді ашық әрі жиі жариялап отыруды ұсынады. Өйткені бұл ақпарат теңге бағамына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіш.
Қазіргі жағдайда Halyk Finance жыл соңындағы доллар бағамы бойынша берген бұрынғы болжамын қайта қарастыруы мүмкін екенін айтады. Бірақ КҚК айналасындағы белгісіздікке байланысты нақты болжам жасауға дайын емес.