Жаңалықтар

Алматыда көлік зауытын салатын миллиардер мемлекеттен арзан несие алуға ниетті

госуслуга для авто
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Forbes тізімінде 27-орында тұрған миллиардер Махмұдовтар отбасы көлік зауытын салу үшін мемлекеттен арзан несие алуға ниетті. Оларға тиесілі Orbis Manufacturing компаниясы «Қазақстан Даму банкінен» қаржылай қолдау алуға өтінім берген.

Жоба – «Көлік құралдарын өндіру бойынша толық циклді автомобиль зауытын салу және пайдалану» деп аталды. Зауыт Алматы қаласында салынады.

Қазіргі кезде компания «банктік сараптама» кезеңіне құжат жинап жатыр.

«Orbis Manufacturing» ЖШС-ның түпкі иегерлері: Фаррух Махмұдов, Сухраб Махмұдов, Рашида Махмұдова мен «Supreme Management» ЖШС. Бұл компания да Рашида Махмұдоваға тиесілі.

Жаңадан салынатын зауытта қытайлық Kaiyi және Exeed брендтерінің автомобильдері өндірілмек. Қытай тарапымен тиісті меморандум 2024 жылдың соңында қол қойылған.

Миллиардерлер зауыт құрылысына нақты қанша қарыз сұрап отырғаны белгісіз.

Фаррух Махмұдов пен Сухраб Махмұдовтың ортақ байлығы 388 млн долларға бағаланады. Махмұдовтар Orbis Kazakhstan көпсалалы компаниялар тобының негізін қалаған. Orbis Auto дилерлік желісіне Қазақстанның 12 қаласындағы 67 автосалон және 15 автомобиль бренді кіреді.

Бұдан бөлек, топ құрамына мұнай-сервис саласындағы «Ақсайгазсервис» АҚ, «Автодом» лизингтік компаниясы, трейдинг пен агробизнесті жүзеге асыратын Orbis Agro, Almaty қонақ үйі, Петропавл әуежайы және басқа да активтер бар.