
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2040 жылға қарай заманға сай отын-мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін ірі зауыт іске қосылатынын мәлімдеді.
Министр 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі 17,9 млн тоннаны құрап, бәрі жоспармен келе жатқанын айтты. Сөзінше, бүгінгі таңда мұнай өңдеу зауыттары америкалық және жапондық технологиялық процестерді басқарудың ең жақсы Honeywell және Yokogawa автоматтандырылған жүйелерін пайдалана отырып, цифрландырудың жоғары деңгейімен ерекшеленеді.
«Өңдеу қуатын кеңейту жобалары бойынша, мұнай өңдеу саласын дамытудың тұжырымдамасына сәйкес 2025 – 2032 жылдар аралығында мұнай өңдеу көлемін жылына 18-ден 30 млн. тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары басталды. 2040 жылға қарай заманауи отын-мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа үлкен сыйымдылықтағы ірі зауытты іске қосу және өңдеу қуатын 30-дан 40 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр», – дейді ол.
Ақкенженов жаңа зауыттың өңдеу тереңдігі 95 пайызды құрайтынын мәлімдеді. Министр бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына өсіп келе жатқан сұранысын 100 пайыз қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көршілес елдерге экспорттауға мүмкіндік беретінін айтты.
Қазіргі таңда елде Шымкентте, Атырау мен Павлодарда бір-бір мұнай өңдеу зауыты бар.