Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығына 394 млрд теңге бөлінеді: АШМ оны қайда жұмсамақшы

Фото: shutterstock

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2026 жылы жалпы сомасы 394 млрд теңгені құрайтын 50 жоба іске асырылатынын мәлімдеді.

Сапаровтың айтуынша, осының арқасында 2,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

«Соның ішінде 6 ірі жобаға тоқталғым келеді. Жамбыл облысында «Фуфенг Груп» жобасының бірінші кезеңінде 300 мың тонна жүгеріні терең өңдеу жоспарлануда. Алматы облысында «Fruit Art» компаниясы 25 мың тонна жеміс-жидектерді өңдеу бойынша үшінші кезеңін іске асырады, «Шин-Лайн» балмұздақ өндірісін 35 мың тоннаға дейін ұлғайтады және «Қапшағай Бидай Өнімдері» жобасы 250 мың тонна шамасында астық және майлы дақылдарды өңдейді. Қостанай облысында «Баян Сұлу» кондитерлік өнімдер өндірісін 13 мың тоннаға арттырады. Абай облысында «Евразия Агро Семей» 7,2 мың тонна шұжық өнімдерінің өндірісін іске қосады», – деді ол.

Министр 2027 жылы жалпы сомасы 874,3 млрд теңге болатын 26 жобаны іске асыру және 3,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Соның ішінде, Астана қаласында 250 мың тонна бидай және 80 мың тонна бұршақ өңдейтін «Tiryaki Holding» жобасы, Ақмола облысында жылына 1 млн тонна бидай өңдейтін «Dalian Hesheng Holding Group» жобасы және 1 млн дана жұмыртқаны терең өңдейтін «KazEggs» компаниясы, Алматы облысында 210 мың тонна картоп өңдейтін «PepsiCo» жобасы және 150 мың тонна мал және өсімдік өнімдерін өңдеу бойынша «Mars» жобасы бар. Сонымен қатар «UBM групп» компаниясының 2 жобасы іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Қостанай облысында – 100 мың тонна құрама жем өндірісі және Алматы облысында – 48 мың тонна қоспа өндірісі іске қосылады.

«2027 жылғы ірі жобаларды іске асыру қосылған құны жоғары өнімдер өндірісін едәуір арттыруға мүмкіндік береді», –  дейді Сапаров.

Министр цифрлық технологияларды енгізу мәселесі бойынша бүгінгі күні 648 кәсіпорын цифрлық құралдарды қолданып жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында баяндама жасаған министр биыл 9 айда экспорт көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдан 32,4 пайызға артқанын мәлімдеді.