Өңдеу өнеркәсібі: қарашада ахуал әлсіресе де, тұрақтану белгілері байқалды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Алматы өнеркәсібі
Өңдеу өнеркәсібі: қарашада ахуал әлсіресе де, тұрақтану белгілері байқалды / Фото: Алматы әкімдігі

Қараша айында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі іскери белсенділік әлсірегенімен, құлдыраудың баяулағаны байқалды. Freedom Holding Corp. ұсынған PMI индексі 49,0 пунктті құрап, алты ай қатарынан 50 межесінен төмен қалды. Бұл саладағы жағдайдың нашарлығын көрсеткенімен, қазан айындағы 48,3 пунктпен салыстырғанда аздап жақсарған.

«Қазақстанның өңдеу салалары қараша айында қазанмен салыстырғанда төмендеу қарқынының біршама баяулағанын көрсетті, бірақ іскерлік белсенділік индексі әлі де 50 пункттен төмен қалып отыр. Бір жағынан, валюталық және инфляциялық факторлардың жалғасқан қысымына қарамастан, олардың бизнеске әсері ай бойы біршама жұмсарды. Екінші жағынан, кәсіпорындар кадрлық дисбаланстың күшеюін және алдағы ҚҚС өсіміне байланысты шиеленістің артуын атап өтуде, бұл өндірістік және инвестициялық жоспарлардың баяулауына ықпал етті. Осы жағдайда келесі 12 айға арналған күтулер көпжылдық минимумға дейін төмендеді, бірақ жаңа келісімшарттар мен сұраныстың қалпына келуіне деген үміт секторда орташа оптимизмді сақтап отыр», – дейді Freedom Finance Global PLC қаржылық талдау департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімов.

Өндіріс пен сұраныс

Өндіріс көлемі мен жаңа тапсырыстар алдыңғы аймен салыстырғанда баяу қарқынмен қысқарды. Алайда тұтынушылардың тауар алмауы сұраныстың төмендеуіне және өндірістің әлсіреуіне әсер етті. Қоймадағы дайын өнім қоры шілдеден бері ең жоғары деңгейге жетті.

Жұмыспен қамту және кадр тапшылығы

Салада жұмыспен қамту көлемі үшінші ай қатарынан төмендеп, соңғы үш айдағы ең жоғары қысқару тіркелді. Компаниялар білікті кадр табудың қиындағанын атап өтті. Бұған қоса, аяқталмаған жұмыс көлемі ұлғайып, 2022 жылдың сәуірінен бергі ең жоғары көрсеткішке жетті.

Белгісіздік және ҚҚС өсіміне қатысты алаңдаушылық

Кәсіпорындар алдағы 12 айға деген сенімнің төмендегенін, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі бизнеске қосымша қысым тудырып отырғанын мәлімдеді. Бұл фактор өндірістік және инвестициялық жоспарлардың баяулауына ықпал етті. Сенім деңгейі соңғы бес жылдағы минимумға түсті.

Баға және шығындар

Шикізат пен коммуналдық қызметтердің қымбаттауы, валюта бағамының әлсіреуі шығындардың өсуіне әсер етті. Дегенмен қарашада өндірістік шығындардың өсу қарқыны бір жарым жылдағы ең төмен деңгейге дейін баяулады. Сол себепті дайын өнім бағалары да мамырдан бергі ең баяу қарқынмен артты.

Жалпы қорытынды

Қараша айы өңдеу өнеркәсібінде бірқатар қиындықтарды көрсетті: сұраныстың әлсіреуі, кадр тапшылығы және алдағы салық өзгерістеріне байланысты белгісіздік кәсіпорындарға әсер етті. Соған қарамастан, кей компаниялар жаңа келісімшарттар мен сұраныстың қалпына келуіне үміт артып, орташа деңгейдегі оптимизм сақталып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз